"Бәрін оңашада талқылаймыз": OLX сайтында спорт шебері бала көтеруге көмектесетінін айтып, жарнама таратқан
Сіз бала көтеруді жоспарлап жүрсіз бе? Бірақ лайық жұбыңыз жоқ па? Онда ешқандай мәселе туындамайды. Бұған қатысты OLX сайтында "бала көтеруге көмектесеміз" деген жарнамалар тарады. Stan.kz тілшісі ақпарат иесіне хабарласып, жарнаманың рас-өтірігін тексеріп көрді. Ал заңгер Нұрсұлтан Орынбеков мұндай алаяқтарға қандай жаза қарастырылғанын айтып берді.
Фото OLX сайтынан скриншот жасалған
Таяуда OLX сауда-саттық порталында бодибилдингтен спорт шебері (аты-жөні белгісіз) құпиялылықты сақтай отырып, "бала көтеруге көмектесемін" деп бірнеше жарнама жариялаған. Көмектің құны – 1000-1500 теңге.
Дәл осындай мәтінмен Алматы, Астана, Қостанай, Ақтау, Павлодар, Атырау және екі рет Ақтөбеде хабарлама орналастырылған. Жалпы легі 8 жарнама таратқан.
Айта кетейік, жарнама туралы бірінші болып Qumash телеграм-каналы жариялаған еді.
Жарнама авторы өзін сипаттап берді
Сайтта жарнама иесі өзінің жасы 29-да екенін және спортпен шұғылданатынын жазған.
“Сәлеметсіз бе! Қызға, әйелге бала көтеруге және бақытты болуға көмектесемін. 29 жастағы спортшы, сымбатты жігіт, бодибилдингтен спорт шебері және жаман әдеті жоқ. WhatsApp-тан толық ақпарат ала аласыз", – деп жазған автор хабарламада.
Әуелі мәтін авторына хабарласқан едік, телефонын көтермеді. Кейін WhatsApp-қа автордан "маған SMS жазыңыз" деген хабарлама келді. Әрі қарай сұрақтарымызға жауап берді.
"Қайырлы күн! Бала көтеру тек өзіңізден және табиғи түрде болады. Басқа қызметтерді атқармаймын", – деді жарнама иесі.
Кейін автордан төлемді қайда жіберу керек екенін сұрадық. Оның жауабы өте қызық болды.
"Ал сіз басқа адамнан бала тууға дайынсыз ба? Егер солай болса, онда біз бәрін оңашада талқылаймыз. Бәрі жақсылық үшін жасалған және материалдық құндылықтарға қарамаймыз", – деп жауап берді жарнама авторы.
Мәселеге бейжай қарамаған заңгер Нұрсұлтан Орынбеков мұндай алаяқтарға қандай шара қолданылатынын атап өтті.
"Бұларға қандай да бір заңды шара қолданылмайды. Десе де егер серіктесіне АИТВ, ЖИТС (СПИД, ВИЧ) жұқтырса, сол кезде ғана қылмыстық жауапқа тартылады. ҚР Қылмыстық кодексiнің 118-бабы "Адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтыру" бойынша жазаланады. Баптың 1-бөлігіне сәйкес 200 АЕК айыппұл төлейді және сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 180 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынады", – деді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.
Заңгердің айтуынша, өзiнде АИТВ бар екенiн бiле тура, басқа адамға жұқтырса, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
"Ал егер осы баптың екiншi бөлiгiнде қарастырылған, екi немесе одан да көп адамға қатысты не көрiнеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған іс-әрекет болса, 5 жылдан 10 жылға дейін ба бостандығынан шектеледі", – деді заңгер.