"Бәрі сіз бен мен ойлағандай болмады": Сәкен Бибосынов Париждегі жеңілісінен соң желіде жазба жариялады
Париж олимпиадасының ширек финалында олимпиада чемпионы Хасанбай Дусматовқа ұтылған Сәкен Бибосынов желіде жеңілісі туралы жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ҰОК
Ширек финалда өзбекстандық Хасанбой Дусматовқа есе жіберген Сәкен Бибосынов бағы жанбай қалғанын жасырмады.
“Арман…. Мақсат… Жеңіс…
Токио Олимпиадасында қола медаль алғанымда, Париж олимпиадасында қайтсемде алтын алып, мақсатыма жетемін деп ойладым, сол үшін осында келдім. Осы олимпиаданы асыға күттім. Еліме алтын сыйлағым келді. Көк туымызды көкте қалықтағанын, әнұранымыздың шырқалғанын қаладым. Бәрі сіз бен мен ойлағандай болмады. Шаршы алаңға шыққан спортшының бағы мен бабы келісіп қатар шабуы керек екен. Бабымда болдым деп ойлаймын. Кішкене сәттілік жетіспей, бағым жанбай қалған сияқты.
Дегенмен Аллаға сансыз шүкір, тағдырыма қазақтың намысын қорғау бақыты жазылған екен. Мені жеңісте де, жеңілісте де қолдаған барлықтарыңызға алғыс айтамын. Жылы лебіздеріңіз үшін рақмет” – деді боксшы.
Айта кетейік, Сәкен ширек финалда Хасанбай Дусматовқа қарсы жеңіске лайықты өнер көрсеткен еді. Бірақ төрешілердің “бармақ басты, көз қысты” әрекетінің құрбаны болып, 2:3 есебімен жеңіліп қалды.