"Бақытты жанұя": Ақтөбелік жастармен отбасы құндылықтары талқыланды
10 қыркүйек күні Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығы мен С. Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының бірлесе ұйымдастыруымен Отбасы күніне орай қала жастарымен "Бақытты жанұя" тақырыбында тағылымды кездесу өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кездесуге Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Оралбаев Әсет Өтегенұлы қатысып, отбасы институтының қоғамдағы маңызына тоқталып, жастарды берік отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге және жауапкершілікті сезінуге шақырды.
Кездесудің негізгі спикері ретінде қоғам белсендісі, "Алтын алқа" иегері, "Мерейлі отбасы" республикалық байқауының жеңімпазы, "Елеулі еңбегі үшін" медалінің және "Қазақстанның ең үздік әйелі" орденінің иегері Әбілдаева Бибігүл Әбдішүкірқызы өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, отбасының берекесі мен бірлігін сақтаудағы өзара түсіністік, сыйластық пен жауапкершіліктің маңызы жөнінде ой қозғады. Сондай-ақ отбасылық психолог Абдолдинова Зульфия Ғалымқызы жастармен отбасы ішіндегі қарым-қатынас, өзара түсіністік, сенім мен эмоционалдық қолдаудың маңызы туралы пікір алмасып, болашақ отбасын құруда ескеретін маңызды тұстарға тоқталды.

Шараға "Мерейлі отбасы – 2026" қалалық байқауының ІІ және ІІІ орын иегерлері – Қадырбековтар және Тулеуовтар отбасылары да қатысып, өздерінің отбасылық тәжірибелерімен бөлісті. Олар отбасы мүшелері арасындағы татулық пен сыйластықтың, ортақ құндылықтар мен дәстүрлердің шаңырақтың берекесін арттырудағы рөлін атап өтті.
Кездесу барысында жастарға рухани-мәдени дамудың маңыздылығы түсіндіріліп, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру мақсатында елімізде бастау алған "Кітап оқитын ұлт" Республикалық марафонына белсенді қатысуға шақырылды.
Жылы пікір алмасу форматында өткен кездесу жастарға отбасы құндылықтарының мәнін тереңірек түсінуге, өмірлік тәжірибелерден тағылым алуға және берік шаңырақ құрудың маңызын сезінуге мүмкіндік берді.