Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Банкир Тәтішевтің өліміне қатысты сотталған Мұратхан Тоқмәди мерзімінен бұрын босап шығатын болды

Сотталған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдидің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қабылданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ult.kz

Ақпарат сотта расталды.

"Қонаев қалалық сотының 2024 жылы 26 шілдедегі қаулысымен Мұратхан Тоқмәдидің мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініші қанағаттандырылды", – деп хабарлайды Алматы облыстық соты.



Еске сала кетейік, кәсіпкер Мұратхан Тоқмәди 2017 жылдың маусым айында қамауға алынған еді. Сол жылдың қазан айында ол орташа қауіпсіздік мекемесінде үш жылға сотталды. Сот Тоқмәдиді бопсалау және қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру бойынша айыпты деп таныды. 

Кейін КТК телеарнасына берген сұхбатында Тоқмәди Тәтішевті өлтіргенін мойындады. Ол “Тұран Әлем банкінің” (кейін БТА банк) бұрынғы басшысын өлтіруге Мұхтар Әблязов тапсырыс бергенін мәлімдеді. 2018 жылдың наурыз айында Тоқмәди он жарым жылға бас бостандығынан айырылды.

Банкир Ержан Тәтішев 2004 жылы 19 желтоқсанда Отар стансасы маңында аң аулап жүріп қайтыс болды. Toyota Land Cruiser көлігімен далада жыртқыш аңдарды қуған. Аңды қуып жеткен ол 12 калибрлі мылтықты қасында отырған Мұратхан Тоқмәдиге берген.

Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, сол сәтте жол талғамайтын көлік соқпақтан өтіп, мылтық өздігінен атылған. Оқ банкирдің тікелей басына тиген. Тәтішев басының оң жақ бөлігінен оқ жарақатын алған. Оқ сол жақ көзден өтіп кеткен. Олар мұны сол кезде "жазатайым" оқиға деп атаған.

Мұратхан Тоқмәди кім

Тоқмәди Мұратхан Шәкерханұлы 1966 жылы 2 тамызда Семей облысы Абай ауданында дүниеге келген. Боксқа әуес болып, түрлі жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып, республика чемпионы атанған. Алматы сәулет-құрылыс институтынла инженер-құрылысшы мамандығын оқып бітірген. Одан кейін Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ ол Халықаралық Бизнес Академиясында MBA дәрежесін қорғады. 

2003 жылы Мұратхан Тоқмәди "ҚазСтройСтекло" компаниясын – өнеркәсіптік шыны өңдейтін алғашқы қазақстандық зауытты құрды. Елімізде алғаш рет сыйымдылығы 300 мың шаршы метр болатын қауіпсіз шыны және энергия үнемдейтін екі қабатты терезелер өндірісі жолға қойылды.

Талқылау