Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балапаныңа деген сағыныш жарасы жазылмас": Ердос Қанаев марқұм ұлын еске алды

"Жігіттер" квартетінің әншісі Ердос Қанаев марқұм ұлын еске алды. Осыдан екі жыл бұрын тұңғышынан айырылып қалған әнші көпшілікке жан сырын ақтарды. 

Ердос ұлы дүниеге келгенде дәрігерлердің ауыр диагноз қойғанын айтты.

"Үлкен ұлым Абдурахимымсыз атқан таң мен батқан күнге де биыл 2 жыл болыпты. 2010 жылы Абдурахимым өмірге келген күні перзентханадағы дәрігерлер: "Ұлыңыздың бауы берік болсын" дегенде қуанғанымнан төбем көкке бір елі жетпей қалғаны рас.
Бірақ…

Бірақ әлгі дәрігер іле-шала артынан:" Бірақ ұлыңыздың жағдайы ауыр. Өмір сүруі, сүрмеуі екіталай", – дегенде біреу үстімнен мұздай су құйып жібергендей болды.

Содан бері ұлым 10 жасқа келіп, бұл өмірден өткенше мына әлемнен перзентімнің жазылып кеткенін көрсем, көзі көріп, жүріп кетсе екен деген әкелік арманның ішінде болған едім.

Бірақ, әттең…

Араға 10 жыл салып, ұлымнан да айрылып қалдым. Иә, сол күнге де 2 жыл толыпты. Бір адамдар “Ең жақсы емші –  уақыт, кез келген көңіл жарасы, уақыт өтуімен емделеді” деп жатады. Бірақ тұла бойы тұңғышыңнан айрылу, бауыр еті балапаныңа деген сағыныш жарасы жазылмас екен. Әліге дейін аңсап тұрамын.

Әкелік (пенделік) арманымның ішінде:" Ұлым биыл 12-ге толар ма еді. 7-ші сыныпта оқып жүрер ме еді. Азаматым болып қасымда жүгіріп жүрер ме еді. Есейіп, еліне қызмет жасар ма еді?"- деген армандарым көп еді.



Бірақ… Бірақ Алланың тағдыры басқа болды. Алла Көркем, Алланың ісі де Көркем екен ғой, сөйтсем. Алладан сынақ болғанда, пендеден сабыр екен. Я Раббым мені сабырлылардың қатарынан көргейсің.
Абдурахим ұлымды қияметте біздерге шапағатшы ете гөр", – деп жазды Қанаев.

Талқылау