Алматыда әлеуметтік осал топтарға берілген үйлердің жалға алу ақысы мен аумағы сәйкес болмай шықты
Алматыда әлеуметтік осал топтарға жалға берілген үйлерден шу шықты. Баспана алған бір топ тұрғын пәтерақының тым қымбатқа түсіп жатқанына наразы. Айтуларынша, баспананың ай сайынғы бағасы құжатта көрсетілген шаршы метрге қарай есептеледі. Бірақ бөлмелердің шынайы аумағы қағазда көрсетілген өлшеммен сәйкес келмейді дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тұрғындар пәтерге артық ақша төлеп отырмыз деп санайды. Жиналған бұл бір топ азаматтың айтуынша, мемлекеттен бес жылға жалға берілетін баспананы шілденің соңында алған. Қоныстанғанына толық бір ай енді өтіп отыр. Пәтерақы мен коммуналдық қызметтерге төлейтін уақыт тяған. Алайда тұрғындар шыққан баға тым қымбат, әсіресе жәрдемақыдан басқа табысы жоқ әлеуметтік осал топтар үшін қиын дейді. Оның үстіне тариф құжаттағы шаршы метрмен есептеледі. Бірақ сөзге сенсек, берілген үйлердің шын ауданы басқа, қағаздағы өлшемнен аз көрінеді.
“Техпаспорттағы ауданмен сәйкес келмейді. Дұрыс өлшенбеген. Менде 1,5 метр жетпейді. Ал басқа көршілерді 3 метр, 4, тіпті 5 метрден жетіспейді. Шаршы метрі жетпейді”, – дейді тұрғындардың бірі Айзат Етекбаева.
Тағы бір тұрғынның айтуынша, "комфорт" санаттағы үйдегідей ақша төлеп отырмыз дейді.
“Шаршы метрі құжатта артық көрсетілген. Ал ертең пәтерді өзімізде қалдырғымыз келсе бір квадратын кемінде 430 мың теңгеге бағалайды. Сонда ауаға төлейміз бе”, – дейді Ләззат Жүнісова.

Мысалы, бір үйдің шаршы метрі иесінің айтуынша, құжатта 54 деп көрсетілген. Алайда шын мәнінде 50-ге де жетпейді дейді. Бірақ соған қарамастан тұрғындар пәтер ақысын да, коммуналдық қызметтерді де қағазда жазылған өлшем бойынша төлеп отыр екен.
Ал тұрғын үйді басқарушы компания басшысының айтуынша, шаршы метрді өзгерту үшін әкімдік арқылы халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну керек.
“Тұрғындар өздері істей алады. Бірақ қателеспесем собственник болу керек. Содан кейін істей алады. Ал енді қазір айтып жатқан мәселелер 2-3 метр айырмашылық деп жатыр. Ол мәселеге пікір білдіре алмаймын, себебі құзыретті орган солай берген. Бекіткен ГАСК”, – дейді QARGALY CITY тұрғын үй кешені басқарушы компанияның басшысы Айбол Дәуленбай.
Шағымданған халықтың сауалына әкімдік жауап бере алмады. Пәтерлерді үйлестірген Отбасы банк, ал үйді салған құрылысшылар деп ат тонын ала қашты.
Түркістан облысында әскерге кеткен сарбаз мүгедек болып оралды