Apple тарихындағы алғашқы жиналмалы iPhone таныстырылды: iPhone Duo қандай болады?
Apple компаниясы тарихындағы алғашқы жиналмалы смартфон – iPhone Duo-ны таныстырды. Жаңа құрылғының тұсаукесері компанияның ресми YouTube арнасында көрсетілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
iPhone Duo-ны таныстырған Apple-дің жаңа бас директоры Джон Тернус компанияның бұл құрылғыны жасауға 10 жылдан астам уақыт жұмсағанын айтты. Оның сөзінше, Apple бұған дейінгі жиналмалы смартфондарда жіберілген кемшіліктерді қайталамауға тырысқан.
Компания өкілдері жаңа смартфонды “бұрынғы iPhone-дардың ешқайсысына ұқсамайды, бірақ қолданушыға бірден таныс сезіледі” деп сипаттады. Көлемі жағынан құрылғы төлқұжатқа шамалас.
Бір құрылғы – екі экран
iPhone Duo-ның басты ерекшелігі – оны әртүрлі қалыпта бүктеп пайдалануға болады. Смартфонның орналасуына қарай iOS интерфейсі де автоматты түрде бейімделеді.
Мәселен, құрылғыны жартылай бүгіп, үстел үстіне “шатыр” секілді қоюға болады. Бұл кезде экраннан музыка, күнтізбе, ауа райы секілді виджеттерді көруге мүмкіндік бар.
Сондай-ақ смартфон USB-C нұсқасындағы Apple Pencil-ді екі экранда да қолдайды. Кіші экранда Dock пен құралдар жолағы оң жаққа орналастырылған.
Apple Netflix және өзге де танымал қосымша әзірлеушілерімен бірлесіп, сервистердің интерфейсін жиналмалы экранға алдын ала бейімдеген.

Экран көлемі қандай?
Смартфон толық ашылған кезде пайдаланушыға 7,6 дюймдік Super Retina XDR дисплейі қолжетімді болады.
Apple дерегіне сүйенсек, бұл экран iPhone 18 Pro Max дисплейінен 50%, ал iPhone 18 Pro-дан 80% үлкен.
Ал смартфонды бүктеген кезде сыртқы 5,4 дюймдік экранды пайдалануға болады.
iOS операциялық жүйесі де үлкен экранда бірнеше қосымшамен қатар жұмыс істеуге ыңғайланып, арнайы жаңартылған.

Камерасы мен процессоры
iPhone Duo-ның корпусы титан жақтаудан жасалған. Құрылғыға жаңа A20 Pro процессоры мен C2 модемі орнатылған.
FaceTime камерасы экран астына жасырылған.
Негізгі камера блогында екі 48 мегапиксельді сенсор бар:
- негізгі камера;
- ультракең бұрышты камера.
Apple жиналмалы құрылғыларда жиі кездесетін басты мәселенің бірін де шешуге уәде беріп отыр. Компанияның мәліметінше, смартфон ашылған кезде экран беті барынша тегіс болып, бүктелген жеріндегі із көзге анық түспеуге тиіс.

Қуаты қанша уақытқа жетеді?
Компания мәліметінше, ішкі үлкен экранда видео көрген кезде смартфон 31 сағатқа дейін, ал сыртқы экран пайдаланылған жағдайда 44 сағатқа дейін жұмыс істей алады.
Тек екі түсте шығады
iPhone Duo әзірге екі түсте ұсынылады:
- күміс түсті және қою көк.

Бағасы қанша?
Apple-дің алғашқы жиналмалы смартфоны арзан болмайды.
256 ГБ жады бар iPhone Duo – 1 999 доллардан, яғни шамамен 908 мың теңгеден басталады.
Ал жады 2 ТБ болатын ең қымбат нұсқасының бағасы 3 199 доллардан, яғни 1 миллион 453 мың теңгеден асады.
iPhone Duo-ның әлемдік сатылымы 23 қазанда басталады.
Осылайша Apple ұзақ жылдар бойы Samsung, Huawei және өзге өндірушілер дамытып келген жиналмалы смартфондар нарығына алғаш рет ресми түрде қадам басты.
Түркістан облысында әскерге кеткен сарбаз мүгедек болып оралды
