Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұзақ уақыт көз жасын тыя алмады": Алматы тұрғыны балаларының жыныстық буллингке ұшырағанын айтып, көмек сұрады

Алматыда бір үйдің екі ұлы аулада жыныстық буллингке ұшыраған. Ұлдардың анасы құқық қорғау орындарына әлеуметтік желі арқылы шағым білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы "НеМолчи" қоғамдық қоры мәлімдеді. 

Әйел өзінің 9 және 5 жастағы ұлдарына 13-14 жас шамасындағы ер балалар мен 17 жасар қыздан құралған топ әлімжеттік көрсетіп, зорлық әрекет жасағанын айтады.

"Ұлдарым аулада ойнап жүргенде әлгі топ келіп оларды мазақтай бастайды. Содан кейін біреуі үлкен ұлымның шалбарын шешіп, жыныс мүшесін кіші ұлымның аузына тығуын талап еткен. Үлкенім бастапқыда бас тартқанымен, әлгілердің қорқытып-үркітуінен кейін шалбарының бауын босатып, мүшесін шығарғанда әлгілер оны кенжемнің аузына тықпақшы болған. Сол кезде үлкен ұлым інісін қолынан алып үйге қашып кіреді. Мұндай қорлыққа шыдамаған бала ұзаққа көз жасын тыя алмады", — делінген әйелдің жазбасында.

Келіншектің айтуына қарағанда, бұзақы топтың көшбасшысы саналатын 17 жасар қыз балаларды қорлаған сәт түсірілген бейнежазбаны олардың әжесіне көрсетіп, оны Ресейдегі құрбысына жібергенін айтады. Содан кейін ол бейнежазбаны өшіріп тастаған. Анасы полицияға арыз жазған. Тәртіп сақшылары балалармен және бейнежазбаны көрген олардың әжесімен әңгімелесіп, мән-жайды анықтап жатыр.

Айтуынша, тергеуші үлкен ұлы оқитын сол мектептегі жасөспірімдердің агрессивті екенін және ұлдарынан кек алғысы келетінін ескерткен. Сондықтан ата-анасы үлкен ұлын басқа мектепке ауыстыруға мәжбүр болыпты.

Балалардың анасы Алматы полициясының бастығынан істі жеке бақылауға алуды, ал оқу-ағарту министрінен мәселеге назар аударуды сұрайды. Түрксіб аудандық полиция басқармасы жағдайға қатысты түсініктеме берді.

"Жергілікті тұрғынның өтініші сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне "балаларға азғындық жасау" бабы бойынша тіркелген. Тергеу толықтық, объективтілік және жан-жақты қағидаттарды қатаң сақтай отырып жүзеге асырылады. Істің мән-жайы нақты анықталады, ал кінәлі тұлғаларға ҚР заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады", – деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Еркін Амантаев.

Ведомствода тергеу барысы ІІМ мен Алматы полициясы басшылығының бақылауына алынғанын да айтты.

Талқылау