Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балам үшін әрқашан алаңдаймын": Дәулет Тұрлыханов ұлына қатысты шыққан сот үкіміне пікір білдірді

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов ұлы Нұрасыл Болаттың үкімінің өзгеруіне қатысты қысқаша ғана пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: instagram.com/daulet_bolatuly_turlykhanov/видеодан кадр

Бүгінгі парламент отырысы кезінде журналистер мәжіліс кулуарында Тұрлыхановтан ұлына қатысты сот үкімінің өзгеруіне қатысты пікірін сұрады.

"Айтыңызшы, кеше соттың апелляциялық алқасы (үкімді өзгертті)..." деп сұрай бастаған журналистке, мәжілісмен: "Балам үшін бе? Әрине, мен барлық ата-ана секілді балам үшін әрқашан алаңдаймын" деп қысқаша жауап берді. Осыдан кейін депутат өзінің шұғыл жиналысқа қатысуы керегін айтып, асығыс кетіп қалды.

Еске салайық, 2023 жылдың ақпан айында Алматыда сотталушы мен Анна Димитриевич арасында жанжал шығып, белгілі қазақ балуаны, мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы адвокатқа қол жұмсаған еді.  

Қазан айында сот депутаттың ұлын бұзақылық ниетпен екі адамның денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін кінәлі деп тауып, 500 АЕК (2023 жылы 1,7 миллион теңге) көлемінде айыппұл салды. Сондай-ақ бір миллион теңге көлемінде материалдық және моральдық шығын өтелді.

Кеше, 14 мамырда Жоғарғы сотта мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты қылмыстық іс қайта қаралды. Қылмыстық істі қарау нәтижелері бойынша Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы алдыңғы сот актілерін өзгертті. Жаңа шешім бойынша Нұрасыл Болат 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар моральдық шығынды өтеу мөлшері әр жәбірленушіге бір миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.

Талқылау