Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балаларын Сайранда тұншықтырмақ болған алматылық әйел жазадан сытылып, қаладан қашып кетті

Балаларын Сайран көліне тұншықтырып өлтірмек болған әйел отбасымен бірге Алматы қаласынан кетіп қалды. Бұл туралы қоғам белсендісі Ақмарал Басироваға сілтеме жасап "Экспресс-К" хабарлады. 

Осыдан үш апта бұрын алматылық әйел балаларын Сайран көліне тұншықтырмақ болды. Абырой болғанда, оларды құтқарушылардың бірі байқап, дер кезінде судан шығарып алды. Бұдан кейін полиция "аталған факті бойынша тергеу жүріп, оқиғаның жай-жапсары анықталып жатқанын" хабарлады. Сондай-ақ, әйелді тексерістен өткізу үшін диспансерге жібергені айтылды. Бірақ белгілі болғандай, ол жерден де әйелді босатып жіберген. Ал қазіргі уақытта отбасының қайда екенін ешкім білмейді.

"Барлығы отбасымен бірге облысқа қашып кетті. Жергілікті полиция олардың қайда екенін білмейміз деп отыр. Қылмыстық іс қозғалған. Іс болса, демек табылады деп отыр. Бірақ олар заттарын жинап, белгісіз жаққа кетіп қалды. Балалардың жағдайы қалай, оларды ұра ма, жоқ па, қатты алаңдатады. Анықтайтын боламын", - дейді Ақмарал Басирова. 
Ол мұндай жағдайларда тек ананы емес, балалардың әкесін де жазалау керектігін айтты. Мәселен, бұл оқиғада балалардың әкесі РОВД-ның алдында тұрып, әйелін жақтаған.



"Оның балаларын өлтіргісі келген әйелді жақтайды. "Ол кінәлі емес. Күйзеліске түскен. Оны кешіріңіздерші, жазаламаңыздар" дейді. Мұндайды қалай кешіруге болады? Бірінші кезекте балаларды қорғау керек", - дейді Басирова.

Айта кетсек, бұған дейін Алматыдағы Сайран көліне үш баласын тұншықтырып өлтірмек болған келіншек туралы жазған болатынбыз. ​​​​​​​

Талқылау