Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ұйымдасқан топ жаңа туған нәрестелерді сатумен айналысқан

Алматы қаласының тәртіп сақшылары жаңа туған сәбилерді сату фактілерін анықтады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен брифинг барысында баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Алматы қаласында полиция қызметкерлері жедел-алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында заңсыз асырап алу мақсатында жаңа туған балаларды сату фактілерін анықтады.

Алдын ала сөз байласқан адамдар тобы өздерінің балаларынан бас тартқысы келетін жүкті әйелдерді және баласы жоқ отбасылық жұптарды іздестірумен, сондай-ақ балалардың туу туралы жалған куәліктерін дайындаумен айналысқаны анықталды. Аталған факті бойынша кәмелетке толмағандарды сату бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп мәлім етті баспасөз қызметінің өкілі.

Ол сондай-ақ Маңғыстау облысында ҚК-нің 125-бабы 3-бөлігі 2-тармағы (адамды пайдалану мақсатында ұрлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Полицейлер зорлық-зомбылық қолдану арқылы 30 жастағы әйелді жыныстық қанау үшін ұрлап әкеткен 43 жастағы ер адамды анықтап, ұстады.

"Абай облысында 32 жастағы әйел анықталып, ұсталды. Ол үш апта бойы 17 жастағы кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға итермелеп, ақшаны өзіне алып жүрген. Аталған факт ҚК-нің 134-бабы 1-бөлігі (жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу) бойынша бірыңғай тізілімге тіркелді. Бүгінде тергеу жүргізілуде", – деп мысал келтірді ІІМ өкілі.

Сонымен қатар брифинг барысында Шұғыла Тұрлыбек жезөкшелік қызмет көрсеткен 20-дан астам притон анықталғанын айтты. Оның мәліметінше, Шымкентте кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген қылмыстық топ ұсталды.

Бұдан бөлек, өткен аптада есірткі зертханасын ұйымдастырып, іздеуде жүрген күдікті қолға түскен. Жалпы жыл басынан 23 есірткі зертханасы әшкереленген.

Талқылау