Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балалардың құқығын қорғау комитеті барлық өгей әке мен ананың үйін тексеруге қарсы екенін айтты

Бүгін орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан Түркістан облысында балаларын аясыз соққыға жыққан әкеге қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Брифингтен скриншот

Журналист әкесінен, өгей әкесінен жәбір көрген балалар көбейіп кеткенін айтты. 

“Кеше Түркістан облысында балаларын аясыз тепкілеген әкенің видосы тарады. Осыған байланысты қандай шаралар атқырылып жатыр? Балалармен, ата-аналармен сөйлесіп, үйіне барып балардың жағдайы тексеріле ме? Мұндай әкелерге қандай жауапкершілік қарастырылған”, – деп сұрады Stan.kz тілшісі. 

Оған оқу-ағарту министрлігінің өкілі жауап беріп, бұл жайттан хабардар екенін айтты. 

“Күні кеше ғана Түркістан облысында адамның ойына сыймайтын әрекеті туралы ақпарат келіп жетті. Бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер қызметкерлері бұл әкені тауып, тиісті шаралар қабылдап жатыр”, – деді комитет төрағасының орынбасары. 

Оның айтуынша, “өгей әке”, “өгей шеше” деп айтып кейбір адамдардың құқығын бұзып алмауымыз керек. 

“Өгей әкенің тәрбиесін көріп, азамат боп өскен талай бауырымыз бен қарындасымыз бар екенін көріп отырмыз. Өгей ана тәрбиелеп жыламай өскен балалар бар екенін де жақсы білеміз. Сол себепті барлық өгей әке мен өгей ананы бақылауға алу керек, үйін тексеру керек деген пікірге балалардың құқықтарын қорғау комитеті қарсы. Біз білім беру ұйымдарына әр баланы бақылап, қырағы болуға шақырамыз. Егер осындай жағдай тіркелсе, баланың жанарында мұң, үстінде жарақат болса немесе киімінен бір белгілер байқалса ғана отбасыны тексеруге құқығымыз бар”, – деп атап өтті Жолдас Батырхан. 

Айта кетейік, әлеуметтік желіде Түркістан облысының тұрғыны балаларды қатігездікпен ұрып жатқан видеосы тарады. Жергілікті полиция қылмыстық іс қозғады. 

Талқылау