Қазақстанда балаларды қорғау күніне жәрдемақы беріледі: Министрлік ақпаратқа түсінік берді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 маусымда атап өтілетін Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға жәрдемақы төленетіні туралы ақпарат жалған екенін хабарлады. Әлеуметтік желілерде Kaspi мобильді қосымшасындағы әлеуметтік есепшот арқылы біржолғы төлем жасалатыны айтылған болатын, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ведомствода көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Министрлік бүгінде қазақстандықтар үшін балаларға арналған қандай төлемдер қолжетімді екенін де еске салды.
"Kaspi gold қосымшасында республикалық бюджеттен бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақыны тағайындау бойынша мемлекеттік қызмет жүзеге асырылғанын еске саламыз. Бірінші, екінші, үшінші баланың тууына берілетін жәрдемақының мөлшері 116 394 теңгені (38 АЕК), төртінші және одан да көп балаға – 192 969 теңгені (63 АЕК) құрайды. 1 мамырдағы жағдай бойынша мұндай жәрдемақы 134,1 мың адамға берілді", - деп жазылған Еңбек министрлігі таратқан хабарламада.
Жалпы сомасы – 18,4 миллиард теңге.
- Мен қазақстандықтардың зейнетке ерте шығуына қарсы емеспін - Еңбек министрі
- Қазақстанда АЕК мөлшері өзгерді: Айыппұл көлемі де өсе ме?
Қосымша арқылы азаматтар республикалық бюджеттен берілетін жұмыс істемейтін әйелдерге арналған бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға да өтініш бере алады.
"Жәрдемақы мөлшері отбасындағы бала санына қарай сараланады. Биыл бірінші балаға - 17 643 теңге (5,76 АЕК), екінші балаға - 20 860 теңге (6,81 АЕК), ал үшінші балаға - 24 045 теңге (7,85 АЕК), төртінші балаға – 27 261 теңге (8,90 АЕК) төленеді. 1 мамырдағы жағдай бойынша бұл жәрдемақыны жалпы сомасы 4,7 миллиард теңге болатын 46,5 мың адам алған", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінде.
Еңбек министрлігі азаматтарды жалған ақпаратқа мән бермеуге және тек ресми дереккөздерден алынған ақпаратты пайдалануға шақырды.