Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалар әкесін іздейді": Майқайыңда жоғалып кеткен құтқарушының отбасы билік уәде еткен өтемақыны ала алмай жүр

Биыл қаңтарда Майқайың алтын кенішінде із-түссіз жоғалған құтқарушылардың бірінің отбасы билік уәде еткен өтемақыны әлі ала алмай жүргенін айтып шағымданды. Айдос Шаймерденнің жұбайы мен бес баласы көмек сұрап елордаға келді. Шағымға қатысты министрлік пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: ТЖМ/Видеодан скрин

Кеніште жоғалып кеткен құтқарушы Айдос Шәймерденнің әйелі Нұрсұлу Шәймерден әлі шешімін таппай жүрген сұрақтарға жауап іздеп, мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Оның айтуынша, іс-түссіз жоғалып кеткен күйеуінің денесі әлі табылған жоқ, оны тіпті іздеп те жатқан жоқ.

“Іздестіру жұмыстарының тоқтатылғанына 39 күн, қайғылы оқиғадан бері 89 күн өтті. Балалар: "Әкем қайда?" деп сұрайды. Әкесі жоқ. Күні-түні көзімнің жасы құрғамайды. Күйеуімнің әкесі инсульт алды, ал енемнің қан қысымы бар. Олардың жалғыз ұлы жоғалып кетті. Оны тіпті жерлей алмай отырмыз”, – дейді ашынған әйел.

Құтқарушы Айдос Шәймерден мен жедел-құтқару жасағының жүргізушісі Айып Тілеубергеннің мәйіттері табылған жоқ. Бірақ оларды өлдіге санамағандықтан, жақындарын да жәбірленуші тарапқа жатқызбайды. Арнайы сараптама және оның негізінде жасалған құтқару жоспары болмағандықтан іздеу жұмыстары әлі тоқтап тұр. 

Іс-түссіз жоғалған құтқарушылардың туыстарының айтуынша, "Майқайыңалтын" кеніші және кәсіпорынды құтқару жасақтарымен қамтамасыз еткен кәсіптік әскерилендірілген апаттық құтқару қызметі арасындағы дауға байланысты құжаттар әлі дайын емес. Ешқайсысы қажетті сараптаманы жасауды өз мойнына алғысы келмейді.

Төтенше жағдайлар министрлігі жағдайға қатысты пікір білдірді.

“Қазір зауыт пен кәсіптік әскерилендірілген апаттық құтқару қызметі сараптамаға қатысы сауалды шешіп жатыр. Сондай-ақ олар сол жерде белгілі бір жұмыстарды жүргізіп, құтқарушылардың жұмысын жалғастыру қаншалықты қауіпсіз болатыны туралы қорытынды жасауы керек”, – дейді Төтенше жағдай вице-министрі Бауыржан Сыздықов.

Айдос Шәймерденнің әпкесінің айтуынша, үкімет құтқарушының 12 жастағы ерекше күтімді қажет ететін қызына 10, екі жастағы баласына 10 миллион теңге өтемақы төленеді деп уәде берген. Алайда басқа құтқарушылардың отбасы материалдық өтемақы алса, Айдостың отбасына ақшалай көмек көрсетілмеген. 

“"Майқайыңалтын" кеніші ресми өтініштер берілді, олар өтінішті қабылдады. Бірақ бір ай болды. Жауап жоқ. Тек “мәселе қарастырылып жатыр” деп құтылады”, – дейді Айнаш Мәжиотва.

Өндірістегі еңбек қауіпсіздігі саласын және онымен байланысты мәселелерді қадағалайтын Индустрия және құрылыс министрі де жәбірленуші тараптың жанайқайына құлақ түрді.

“Ең алдымен құтқарушыға жұмыс беруген тұлға әлеуметтік жауапкершілік алу керек. Мен өтемақы мәселесін егжей-тегжейлі талқылаған жоқпын... Ал бұл мәселе, өкінішке орай, тікелей менің министрлігімнің құзыретіне жатпайды. Бірақ мен мәселені шешу жұмыстарына қатысуға дайынмын”, – деді индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Айта кетейік, наурызда Майқайыңда топырақтың опырылуынан тұрғындарға қауіп төнген еді. Ал жоғалып кеткен құтқарушылардың туыстары іздеу жұмыстарын жалғастыруды сұрады.

Еске салсақ, бұған дейін Павлодар облысындағы Майқайың кеніші маңында құтқарушылар мінген автобус шұңқырға түсіп кеткені туралы жазған едік. Екі адамның денесі табылды. Кейін жердің опырылу қаупіне байланысты іздеу тоқтатылды.

Талқылау