Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бала-шағасымен тұрған әйелдердің сөзі өтіп кетті": Қаңтардағы тәртіпсіздік қатысушылары қалай арматура таратқандарын айтты

Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан азаматтар бүлікшілерге қалай қару таратқандарын айтып берді. Күдіктілердің эксклюзивті сұхбаты "Хабар" арнасы ұсынған "Қасіретті қаңтар. Тәртіпсіздіктер" деректі фильмінде көрсетілді. 

Қанат Әбубәкір мен Тахиржан Мусалимов

25 жастағы Қанат Әбубәкір жаппай тәртіпсіздіктер басталған күні өз жұмысымен жүргенін айтты. 

"5 қаңтар күні жұмыс бойынша қоймаға бардым. Сол жерде Ерасыл деген бауырыммен кездесіп қалдым. Сол жерде митингіге шығып жатқан ел: "Қазақ емессіңдер ме? Шықпайсыңдар ма? Көліктеріңде не зат бар? Қолданатын зат болса, тастап кетіңдерші", – деді. Ол кезде көлігімізде ештеңе болған жоқ. Сол жерде ақылдаса отырып, қорғанатын зат береміз деп шештік. Мен үйде арматура бар деп айтып қалдым. Үйге барып, арматураны алып, кестік. Ерасыл Тахир деген жүргізушіні шақырды. Ол келді, сосын арматураны тиеп жібердік. Әрі қарай Ерасыл, Тахир, Жамбыл үшеуі кетті", – дейді Қанат Әбубәкір.

"Жароков көшесіне келдік, адам тола. Бұл жерге кіре алмаймын дедім. “Жоқ, қарсы бағытқа айда” деді. Артта жігіттердің не істеп жатқанын көрмедім. Ерасыл есікті ұстап тұрып, арматураны лақтырды. 30-40 дана арматура болды. Кішкене жоғары жүргеннен кейін нан мен су тараттық", – дейді 35 жастағы жүргізуші Тахиржан Мусалимов.



Деректі фильмде айтылғандай, әлеуметтік желілерде арматура таратқан сәттің видеосы тарағаннан кейін, ұйымдастырушылар көлікті бояп, өзгертіп, көліктің түрін өзгертіп, қылмыстың ізін жасыруға тырысқан. 
Қатысушылардың әрқайсысы о баста бүлік жасауға ниетіміз болмады деп ақталады. Елдің сөзіне арандап, үлкен қылмысқа қалай барғандарын өздері де білмей қалған. 

"Сол кезде ақымақтық жасап қойдық. Манеждегі бала-шағасымен әйелдер тұрған соң, сөздері өтіп кетті ме, білмеймін", – дейді Қанат Әбубәкір. 

Талқылау