Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бала-шағаңмен қосып өртеймін": Түркістан облысындағы мектепте директор орынбасары мен мұғалім жаға жыртысты (видео)

Түркістан облысындағы мектеп-гимназиясында ұстаздар арасында болған даудың видеосы әлеуметтік желіде таралып кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Azattyq ruhy сайтына сілтеме жасап. 

Жанжал мектеп-гимназияның оқу ісі жөніндегі орынбасары Райгүл Мұсалиева мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Сандуғаш Жақыпова арасында болған. 

Видеода мектеп гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары мұғалімге балағат сөздер айтып, қолына түскен затты бетіне лақтырып жатқанын көруге болады. 

Шардара ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі оқиға қыркүйек айында болғанын айтқан. Жанжалдасқан мұғалімдерді татуластыру үшін мектеп директоры араша түскен. Екі ұстаз сағатқа қатысты ұрысып қалыпты. Ал 22 қыркүйекте мектеп директоры М.Қаныбеков оларды татуластыру мақсатында әкімшілік құраммен жиналыс өткізіпті. Бірақ жиынның соңында полиция шақыруға тура келген.

Оқиға туралы Түркістан облысы білім басқармасы пікір білдірді. 

"2021 жылдың қыркүйек айында Р.Мұсалиева мен С.Жақыпова мектеп ішінде мұғалімдердің сағатына қатысты сөзге келіп, екеуі ұрысып қалады. Осы жағдай бойынша мектеп директоры М.Қаныбеков  2021 жылдың 22 қыркүйек күні сағат 15:00-де екі жақты татуластыру мақсатында мектептің әкімшілік құрамымен Р.Мұсалиева мен С.Жақыпованы шақырып, жиналыс өткізеді. Жиналыс барысында Р.Мұсалиева мен С.Жақыпова арасында сөз жанжалға ұласып, Р.Мұсалиева С.Жақыповаға қолын сермеп, ұрысады. Екеуін мектеп директоры М.Қаныбеков пен Е.Ергешов ажыратып алады. Сосын С.Жақыпова 102 номеріне телефон шалып полиция шақыртқан", – делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар облыстық Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті аталған жағдайға байланысты тексеру жүргізіліп жатқанын жеткізді. 

"Қазіргі таңда іс Шардара аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, әкімшілік іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. 5 қазанда Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясының педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес отырысы өткізілді", – дейді. 

 

Талқылау