Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бағдат Мусин Қарағандыда жоспардан тыс тексеру жүргізді

Цифрландыру министрі Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жоспардан тыс тексеруді жалғастыруда. Бұл туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің Instagram парақшасында жазды. 

Жаңа цифрлық халыққа қызмет көрсету кеңсесіне барған соң, Бағдат Мусин Қарағандыдағы ескі мамандандырылған ХҚКО-ны жоспардан тыс тексерді.

“Елордадан біздің келетінімізді біліп дайындап қойған жаңартылған халыққа қызмет көрсету орталығын аралағаннан кейін, өзімнің әдеттегідей тәжірибем бойынша ешкімге ескертусіз Мұқанов көшесінде орналасқан Қарағандының ескі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына соқтым. Мұнда барған кезімде мен практикалық емтихан тапсыруды күтіп отырған адамдардың ұзын-сонар кезегіне куәсі болдым”, – дейді министр.

Ол электрондық кезек жүйесі жұмыс істемейтінін, күтушілер үшін ешқандай жағдай қарастырылмағанын атап өтті. Әрине, осындай жағдайлар адамдардың шағым түсіруіне әкелетіні жасырын емес, дейді Мусин.

“Мәселені сол жерде шешуге тура келді, біріншіден, жедел түрде электрондық кезекті енгізу, екіншіден, адамдар күні бойы күтіп тұрмауы үшін, бірақ алдын ала жазылып, белгіленген сағатта келуі үшін онлайн-жазылуды ұйымдастыру туралы тапсырма бердім.

Жалпы, мамандандырылған ХҚКО-лардағы ұзын-сонар кезек мәселесін басты назарға алдық, мұндағы автодромдардың енді сенбі күндері де жұмыс істеуі мәселесін қарастырамыз”, – деп жазды Бағдат Мусин. 

Бұған қоса цифрлық даму министрі ХҚКО мен автодром арасында шешілуі тиіс тағы бірнеше интеграциялық мәселелерді анықтағанын жеткізді.  

“Осындай орталықтарға жоспарламай баруды бұрыннан іске асырып келемін. Бұл нақты проблемаларды көруге және нәтижесінде цифрландыру процестерін жетілдіру бойынша тиімді жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді”, – дейді Мусин.

Талқылау