"Азық-түлікті ұрлап, сатқан": Қазақстанда онкологиялық науқастарға арналған шипажай директорына қатысты тергеу басталды
"Алатау" клиникасының басшысына қатысты онкологиялық науқастарға арналған шипажайдан азық-түлік ұрлады және сатты деген күдікпен тергеу басталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров айтты, деп хабарлады Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Денсаулық сақтау министрлігі "Алатау" балалар клиникалық шипажай директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды", - деді Данияр Бекайдаров.
Бұған дейін Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин аталмыш шипажайда онкологиялық аурулары бар балаларға арналған ақша қаражатын жымқыру, тамақ өнімдерін сату туралы мәлімдеді.
Сонымен қатар ол ақша ұрлау схемасын айтты. Омбудсменнің сөзінше, балалардың санаторийге мемлекеттік квота бойынша жіберіледі. Оған ата-аналардың төлемі кірмейді.
"Сондықтан ата-аналар баласымен бірге болу ақысын өз қаражатынан төлейді - тәулігіне 7500-ден 11 000 теңгеге дейін. Оған қоса, күніне 5000 теңге тамақ үшін ақы төленеді. Бірақ бұл ақша келмеді, санаторий басшылығының қалтасына кетті. Балаларды, олардың ата-аналарын, мүмкін қызметкерлерді де тамақтандыру санаторийдің квотасы бойынша мемлекеттен алған ақша есебінен жүзеге асырылды", - деді ол.