"Әжесіне қарайтын адам болмаған": Әскери қызметтен келісімшарт мерзімінен бұрын шыққандар қызметке орналаса алмай жүр
Елімізде әскери қызметтегі келісімшарты мерзімінен бұрын бұзылған азаматтар қызметке орналаса алмай жүр. Айтуларынша, оларға өз еркімен жұмыстан шығуға рұқсат жоқ. Сондықтан Қарулы күштер қатарынан теріс әрекеттері үшін деп босатылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Енді бұрынғы әскерилер соның кесірінен мемлекеттік мекеме мен органға қызметке кіре алмайды. Сондықтан олар биліктен көмек сұрайды.
Арал ауданының тұрғыны Нұрбол Өтеев 2015 жылы Қызылорда қаласындағы әскери бөлімге келісімшартпен қызметке алынған. Екі жылдан кейін денсаулығы нашарлаған әжесіне қарайласатын ешкім болмағандықтан, жұмысын мерзімінен бұрын тоқтатпақ болған. Енді бұл жағдай оған кесірін тигізіп отыр. Себебі әскери қызметін толық мерзімде атқармағаны үшін оны мемлекеттік мекеме мен органдардың бір де бірі жұмысқа алмай қойған.
“Бізді теріс себеппен шығарып жіберген ғой. Мені енді мүлде мемлекеттік қызметке алмайды. Біз қорғаныс министрлігіне жазып жатырмыз. Бірақ әлі де жауап жоқ. Көбі сол әскерде жүріп, 1-2 жыл істейді. Жастықпен шығып кетеді. Содан кейін оларды ешқайда алмайды”, – деді аралдық Нұрбол Өтеев.
“Ұлттық ұланнан” мерзімінен бұрын кеткен 28 жастағы Жәнібек Қошаналы да айлығы жетпеген соң, келісімшартты ерте бұзыпты. Бірақ соңы мұндай болатынын білмеген.
“Батальон командирі “ертең шықпай-ақ қой” деді. Бізде “өз еркімен шықты” деген жоқ. Тек шығарып жібереді. “Қазір шығасың, сосын үш жылдан кейін кіре бересің” деген. Біз енді ол кезде ештеңені білмедік. Қазір ақыл тоқтатқан жастамыз. Қазір кірсек, ондай қате жасамаймыз”, – деді Қордай тұрғыны Жәнібек Қошаналы.
Шағымданушылардың айтуынша, мұндай жағдайға тап болған азаматтар көп. Олар әскери қызметтегі бір ғана ағаттық үшін өмір бойы жұмыстан шектеу әділетсіздік деп есептейді. Сондықтан Қарулы күштер қатарынан ерте босатылған азаматтар мүмкіндік сұрап, қорғаныс министрлігіне бірнеше рет арыз жазған.