Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Азаттық радиосы” сыртқы істер министрлігінің шешіміне қарсы сотқа арыз түсірді

"Азаттық" радиосының өкілдігі Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына журналистерге аккредитация бермеу мәселесіне қатысты шағым түсірді. Бұл туралы Stan.kz апарат агенттігі “Азаттық радиосына” сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Арызда өкілдік Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеген немесе оның мерзімін ұзартпаған Қазақстан СІМ-нің шешімін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған. 

Министрлікке қарсы шағым 2024 жылдың 3 қаңтарында Азат Еуропа/Азаттық радиосына Қазақстан сыртқы істер министрлігінен "өкілдіктің 36 қызметкерін аккредиттеуден немесе аккредитация мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылданғаны жөнінде" хат келгеннен кейін түсіріліп отыр.

Ведомство жауабында журналистердің "аккредитациясыз жұмыс істеп келгені", сонымен бірге редакцияға айыппұл салынғанын (құқық қорғаушылар "жалған ақпарат туралы" жаңа бапты ресейлік "фейктер туралы" заңға ұқсатқан) алға тартқан. 

Шағымда Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстан өкілдігі (RFE/RL-Қазақстан) соттан ведомство келтірген дәлел-дәйектерді негізсіз деп тануды сұраған. Себебі редакцияның айтуынша, олар журналистердің аккредитациясына қатысты өтініштерді уақытында беріп отырған. Өтініштер қаралуға тиіс кезде журналистерде аккредитация мерзімі аяқталмаған, ал министрлік өтініштерді жауапсыз қалдырған. Ақпаратқа қарағанда қызметкерлерді аккредитациядан өткізу туралы өтініштер өкілдікті әкімшілік жауапқа тарту туралы шешім шыққанға дейін көп уақыт бұрын берілген, бірақ олар "дер кезінде қаралмаған". 

Кейінгі бірнеше жылда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 36 тілшісіне аккредитация бермей келеді немесе аккредитация мерзімін ұзартпай жатыр. Олардың арасында 2022 жылдан бері аккредитациясы ұзармаған журналистер бар. Редакция барлық құжатты бірнеше рет және уақытылы тапсырған. Тағы бірнеше журналистің аккредитация мерзімі осы жылы аяқталады. Ережеге сәйкес, сыртқы істер министрлігі шетел ақпарат құралының тілшісіне аккредитация беру немесе бермеу туралы шешімді өтініш түскен күннен бастап екі айда қабылдауы керек. Аккредитация берілмеген жағдайда министрлік шешімін негіздеуге тиіс.

2023 жылы қыркүйек пен қазанда Азаттық 30-дан астам қызметкеріне аккредитация беру және мерзімін ұзарту туралы тағы өтініш түсірген, бірақ нақты жауап алмаған. 

Қазан айында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты дауды медиация тәртібімен шешу туралы келісімді бекіткен. Оған сәйкес, министрлік жауапты 2023 жылдың 27 желтоқсанына дейін беруге тиіс болған. Жауап 2024 жылы 3 қаңтарда келіп түсті. Онда Қазақстан СІМ Азаттыққа тілшілеріне аккредитация бермейтінін хабарлады. Редакция шешімді сотқа берген.

Мәжілісмен Никита Шаталов шетелдік журналистердің аккредитациясын қатайтып, интернет-БАҚ пен ақпарат агенттіктеріне "онлайн басылым" ұғымын енгізуді ұсынған еді. "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Заңға өзгертулер енгізу жобасы авторларының бірі журналистердің өзгерістер қажет екені туралы сұрақтарына жауап берді.

"Мемлекеттілігіміз болмағаны, аумақтық тұтастығымызға қауіп төніп тұрғаны туралы айтылып, жазылып жүрген ақпараттардан хабарларыңыз бар шығар. Мысалы, Meduza басылымы. Қаланың бірнеше ақымақ тұрғынының ойын жазып алып, бүкіл Шығыс Қазақстанның пікірі деп таратып жіберген. "Шығыс Қазақстан халық республикасы” деген тақырыппен жарияланды. Дәл осындай арандатушылықтар болуы мүмкін. Бұл біздің ішкі ісімізге араласу деп қабылдаймын", – деп түсіндірді Никита Шаталов.

Азаттық радиосына қатысты сұраққа ол “кездейсоқтық” деп жауап берді. 

Заңгерлердің айтуынша бұл жағдай елдегі БАҚ-тың жағдайын нашарлатпақ. 

Талқылау