Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Азаптағаны, үтік басып қинағаны рас": Адвокат Назарбаевтың ескерткішін құлатты деп айыпталған жігітке қатысты тың деректермен бөлісті

Адвокат, "Аманат" комиссиясының жетекшісі Абзал Құспан Талдықорғанда Назарбаевтың ескерткішін құлатты деп айыпталған Азамат Батырбаевқа қатысты тың мәліметтермен бөлісті. Әлеуметтік желілерде азапталған суреті тараған Азаматқа қазіргі уақытта бүкіл ел алаңдаулы. Адвокат комиссия мүшелерімен бірігіп, Азаматпен жүздескендерін айтады. Құқық қорғау қызметкерлерінің Азаматты сабап, қорлап, азаптағаны, үтік басып қинағандары рас, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Азамат Батырбаев. Фото ашық дереккөздерден

Комиссияның есебі ретіндегі жазбасын адвокат Facebook-тегі парақшасында жариялады. 

"Өз көзімізбен көрдік, өз аузынан естідік. Оның нәтижесі бойынша біз – комиссия, екіұдай ойда қалдық, қысқаша ретімен баяндайтын болсақ, былай: 

1. 10 қаңтар күні Азаматты және 7 ауылдасын полиция қызметкерлері Қапал ауылынан ұстап, Талдықорғандағы полиция департаментіне алып келген. Сол жерде 1 тәуліктен астам уақыт оны ұрып-соғып азаптаған, арқасына ыстық үтік басқан.

2. 11 қаңтар күні полиция қызметкерлерінің өздері жедел жәрдем шақырып, Азамат 9 күн ауруханада жатып, ем алады.

3. 20 қаңтар күні ауруханадан шығып(!), ауылына кетеді.

4. 22 қаңтарда денсаулығына қатты зақым келуі себепті, емделу үшін Алматы қаласына баруға дайындалып отырғанда оны қайтадан полиция департаментіне шақырып, жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқансың деп, қайта ұстайды.

5. Сол күні қалалық ішкі істер басқармасының ИВС-ында, полиция департаментінде азаптаған, әзірге жеке бастары анықталмаған полицейлер келіп, Азаматты тағы сабайды.

6. Кейін оны Талдықорған тергеу изоляторына ауыстырған. Жалпы тәртіп бойынша, тергеу изоляторына қамауға алып келгендердің үсті-басын тексеріп, жарақаттар бар-жоғын қарайды, бұл – міндетті шара. Азамат алғашында өзін ұрып-соғып, азаптаған полицейлерге арыз жазудан бас тартқанымен, сол кезде Азаматтың дене жарақаттарын көрген прокуратура органдары 26 қаңтар күні бұл жағдайды тергеп- тексеру үшін антикорға жолдаған.

7. 28 қаңтар күні антикор бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 146 бабының 1 бөлігімен, яғни азаптау бабымен қылмыстық іс қозғайды", – дейді қорғаушы.



Абзал Құспанның айтуынша, мұны құқық қорғау қызметкерлерінің әдетіне айналған "қолға түскендерді ұрып-соғу әрекеті" деуге келмейді. Бұл халықты ашындырғысы келген әлдебіреулердің қасақана жасаған қиянаты, дейді қорғаушы. Кінәсін мойындату үшін азаптағаны рас болса, құқық қорғау органдары Азаматты азаптаған соң, үйіне жіберіп, азапталған суреттерді емін-еркін таратуына жол бермес еді, деген пікірін де білдірді заңгер. 

"Біздің ойымызша, бұл нағыз халыққа жасалған қастандық. Бұл әрекеттерді ол адам бейнесіндегі айуандар, Азаматқа тән жарасын жасау үшін жасаған жоқ, бұны олар Халыққа жан жарасын салу үшін жасаған! Бұл Азаматты сабау емес, бұл бүкіл калың елді сабау! Бұны жасағандар кімдер, қандай пиғылмен жасады, кімнің бұйрығымен жасалды, оны тергеушілер анықтай жатар.

Бірақ, біздің пайымдауымызша, бұл осынау еліміздегі орын алған сын сағатты пайдаланып, жасалып отырған нағыз диверсия, нағыз арандатушылық. Мақсат не? Біздіңше, мақсат елді ашындыру, халықтың наразылық температурасын көтеру. Әрине, бұл жазып отырғанымыз болжам ғана. Бірақ біздің осы болжамымыздың шындыққа жанасатынын дәлелдейтін бірнеше көзге ұрып тұрған мәселе бар. Неге Азамат, неге басқа ұсталғандар емес деген сұрақ туады. Оның жауабы ел арасында да, әлеуметтік желіде де тап осы Азаматты Назарбаевтың ескерткішін құлатқан деген әңгіме көп тарап жатыр, яғни Азамат ескерткішті ғана емес, режимді құлатқан символ іспеттес боп тұр. Басқа адам азапталса көп оқиға арасында көзге түспей қалуы мүмкін, ал мына ән, басқа әннен өзгерек…

Әншейінде қолдарына бір түскендерден оңайшылықпен айырыла қоймайтын  полицейлер неге оған бірнеше күн әуелі ауруханада, содан кейін үйінде болуына,  денесіндегі азаптау іздерін емін-еркін фотоға, видеоға түсіріп, кейіннен оны әлеуметтік желіге таратуға мүмкіндік бере қойды? Тек содан кейін ғана, азаптаулардан 11 күн өткен соң қамайды? Және қамардың алдында Азаматтың тән жарасы жазылып кетпесін, азаптауларды ұмытып кетпесін дегендей, тағыда бір жақсылап тұрып сабап алады. (Азамат өзі батыр тұлғалы, өр мінезді жігіт екен. Батыр әдетте аңғал, кеңпейілді болып келеді ғой. "Бас жарылса, бөрік ішінде" деп жүре беретін. Азаматтың, әп дегеннен ешкімге арызданбағаны да содан болар).

Әрине, арыстай азаматымыздың арқасына ыстық үтік шыжғырып азаптау кім-кімнің де ашу ызасын тудырары анық. Бақай есеп сонда жатса керек", –  деді адвокат.

Абзал Құспан бастаған "Аманат" комиссиясы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан осы оқиғаны жан-жақты тексеруді және жеке бақылауға алуын сұрады. 

Сондай-ақ адвокат Азаматқа қатысты "Назарбаевтың ескерткішін құлатқаны үшін" қылмыстық істің қозғалмағанын айтты. 

"Аманат" комиссиясы облыс прокуроры алдына Азаматты босату туралы өз ұсынысын енгізгенін хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Азамат Батырбаевты азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған едік. 37 жастағы Азамат Батырбаев 5 баланың әкесі екенін айта кетейік.

Талқылау