Азамат Сатыбалды: Назгүл екеуміздің бала сүйе алмай бармаған жеріміз жоқ
Белгілі актер, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының басшысы Азамат Сатыбалды отбасы мен басшылық қызметі жайлы баяндады. Отбасындағы қиындықтары мен бала Азамат жайлы баян етті.
Бұл туралы “Талқылайық” бағдарламасында айтылды.
Азамат Сатыбалды отбасында тоғыз баланың кенжесі. Ата-анасына еркелеп өскен ол әлі күнге дейін бауырларыма еркелеймін дейді. Бала Азаматтың еркелігі жайлы сөз етті.
“Мен өте ерке болған баламын. Күрек ұстап көрмегенмін. Әкем мені үй шаруасына жұмсамаған. Менің шайымды бір ағам араластырып, наныма бір ағам май жағып беретін. Таудың етегінде тұрғандықтан үйіміз салқын болды. Сонда үлкен ағам менің төсегіме жатып, жылытып қоятын. Мен жылы төсекке барып жатамын. Мен сондай еркелікпен өскенмін. Шаруашылыққа түк ебім жоқ. Содан болар басшылыққа келгенде шаруашылық жағы қиынға соқты. Шаруашылық шаршатты”, – деді актер.
Азамат Сатыбалды жары Назгүл Қарабалинаны сезіммен емес, ақылман таңдағанын айтады.
- Азамат Сатыбалды: Марқұм әкеме анамды алып кетпеші деп жалынамын
- Назгүл Қарабалина: Азамат сүйіктісімен айырылысып қиналып жүрген уақытты пайдаланып, оған күйеуге тиіп алдым
“Мен біршама қыздармен сөйлестім. Сонда кенже ұлмын, әке-шешеммен тұрамын деп айта бастағанда қыздар қаша бастайды. Содан ойын біле қоямын. Назгүлге айтқанымда ол бас тартпады. “Сенің әке-шешең – менің әке-шешем. Сенің бауырларың – менің бауырларым” деді. Содан Назгүлді жар болуға лайық деп санадым. Себебі сезім алдамшы нәрсе. Егер маған құдай 20 жыл өмірімді қайта бастатып, таңдау берсе, мен тағы да Назгүлді таңдар едім. Әке-шешем Назгүлді жақсы көрді. Оған менен жақын десем де болады”, – деді Азамат мырза.
Актер әйелге қол көтеруді дұрыс деп санамайды. Алайда жарымен жаңа бас қосқан сәтте болған жанжалды еске алды.
“Назгүлге бір рет қол көтергенім бар. Оны ұрған жоқпын. Тек итеріп жібердім. Ол кезде Назгүл еркекшора еді. Содан таласып қалатынбыз. Одан кейін қол көтеру деген болмады. Бала сүйе алмай жүрген шақтарда берекеміз кетіп, ара-тұра ұрысып жүрген кезіміз болды. Бармаған жеріміз жоқ. Бірақ Алла бермеген нәрсені таласып қайтеміз. Алла он ұлға татитын бір бала беруі мүмкін, бір балаға татымайтын он бала беруі мүмкін. Сондықтан тағдырға көнеміз. Мүмкін менің бір ұлымнан бірнеше ұрпақ өрбитін шығар”, – деді ол.