"Әз Наурыз" тіркесіндегі "әз" сөзі не мағына білдіреді?
Қазақтың Жаңа жылы Наурыз бүгінде үш күн тойланады. Наурыз сөзі нені білдіреді, "әз Наурыз" деген тіркестегі "әз" сөзі нені білдіреді?
Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Яғни, Наурыз сөзі – парсыша «нау» (жаңа) және «руз» (күн) деген сөздерден құралған. Көбіне-көп тілдік қолданыста ұлыстың ұлы күнін – әз наурыз деп жатамыз. Наурыз сөзі түсінікті, ал «әз» сөзі не мағына білдіреді?
Бұл туралы «Наурыз тойы» кітабында мынадай жолдар келеді: «Ертеде көктемде қойшылар қар еріп біте бастаған кезде аспаннан көктің аздап күркірегенін байқайды екен. Ол бір қыстың бітіп көктемнің басталғанын білдіретін табиғаттың бір белгісі болса керек. Осы құбылысты «әз жүрді» деп атайды.
Бұдан бөлек біз «әз» сөзін Әз Тәуке, Әз Жәнібек деген кісі есімдерімен қосарланып келген нұсқаларын білеміз. 2011 жылы жарық көрген «Айбын. Энциклопедия» кітабында кісі есіміне жалғанған әз сөзі туралы былай делінген: «Әз (арабша – ардақты, бағалы, құнды, жарқын) дәстүрлі қазақ қоғамында ең әділ, ең ардақты қайраткерге берілген атақ».