"Айтыстың Мессиі – Айнұр Тұрсынбаева": Жандарбек Бұлғақов айтыстан не үшін көрінбей кеткенін түсіндірді
Танымал ақын, айтыскер Жандарбек Бұлғақов айтыс сахнасынан жиі көрінбей кетуінің себебін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабарlike” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Өнер иелерінің жеке парақшасынан алынды
Айтыскердің айтуынша, айтыстың алдын дәуірін сағынатын көрінеді.
“Бір күнде үш рет көлік ұтқан сәтімді сағынамын. Қалжың әрине. Айтыстың алтын дәуірін сағынамын. Өткенде ғана Жүрсін Ерман ағамыз: “айтысқа шық, айтысты тастап кетпе” деді. Мен айтам, 20 жылдан бері айтысып жүрсем де, өзімді айтыспаған ақын сезінемін. Себебі айтыстың табалдырығын аттап жатқанда алтын дәуір өкілдері Мұхамеджан Тазабек бастаған айтыстың ақтаңгерлері кетіп жатты. Мен солармен айтысуды аңсап келіп едім. Қатарластарымды менсінбей отырғаным жоқ, бірақ нағыз айтысудың үлгісін сол кісілер көрсеткен еді. Әр айтысқа шыққан сайын, айызым қанбайтыны жасырын емес. Қазір айтыстан да бөлек түрлі жобалар бар. Сол жерде көбірек төбе көрсетемін.Бірақ айтыстан кеткен жоқпын”, – деп ақтарылды ақын.
Одан кейін ақын әріптестерінің арасынан шоқтығы биік, қамшы салдырмайтын ақындардың есімін атады. Оларды футбол жұлдыздарына теңеді.
“Аманжол Әлтаев, Балғынбек Имаш, Бекарыс Шойбек, Айнұр Тұрсынбаева, марқұм Оразалы Досбосынов – айтыстың жұлдыздары еді. “Барлық футболшы Роналдумен шаршы алаңда доп тепкенді армандайтын секілді, мен де аты аталған кісілермен айтысуды армандағанымды жасырмаймын. Айтыстың Мессиі – Айнұр Тұрсынбаева. Бұл сөзіме басқа әріптестерім ренжи қоймас. Жалпы, айтыстың Роналду мен Мессиі – сол дәуір өкілдері дегенім жөн болар”, – дейді айтыскер ақын.