Айтбек Амангелді Байжановтың әйеліне Lexus көлігін сатып, 4 жыл күн көруге болатынын айтты
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Астанада өткен аппеляциялық сотта сөз сөйледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Байжановтың адвокаттары мен оның әйелі сот үкімінің күшін жоюды сұрады. Айгүл Күлдееваның сөзінше, Байжанов – отбасының жалғыз асыраушысы. Ол қазір отбасылық жауапкершіліктің бәрі өзінің мойнында екенін айтты.
Айтбек Амангелді сот үкімінің күшін жоюды сұраған сотталушы Байжановтың қорғаушылары мен әйеліне жауап берді.
“Байжановтың жалғыз асыраушы екеніне және ақшаның жетіспеуіне келсек, Бишімбаевтың қанша мүлкі Байжановтың атына жазылғаны туралы ақпарат ашық дереккөзде тұр. Бұл мүлікті Байжановтың әйелі де қолдана алады. Меніңше, әйелі өзі мініп келген Lexus-ты сатып, 4 жыл күн көре алады”, – деді Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелді.
Айта кетейік, бұған дейін әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ал екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды.
Бұған дейін Бишімбаев пен Байжановқа қатысты апелляциялық сот үкімі өзгеріссіз қалғаны туралы жазған едік.