Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қазақстандықтар не себепті филиппиндік бала күтушілерді таңдайды және олардың құны қанша

Фото: Stan.kz / Филиппиндік бала күтуші Лин

Кейінгі жылдары қазақстандық отбасылар шетелдік күтушілердің қызметіне жиі жүгінетін болды. Кейінгі бес жылда, әсіресе филиппиндік күтушілер ерекше танымалдыққа ие. Қазақстандықтар оларды ағылшын тілін білуі, еңбекқорлығы және тәртібі үшін жоғары бағалап жатады.  Stan.kz тілшісі қазақстандықтар неліктен филиппиндік күтушілерді таңдайтынын және олардың қызметі қанша тұратынын зерттеп білді.

"Филиппиндік күтушілердің артықшылығы қандай?

Шетел азаматтарының Қазақстанға келуіне байланысты қызмет көрсететін консалтинг компаниясының негізін қалаушы Светлана Грамстың айтуынша, филиппиндік күтушілер икемді кесте бойынша жұмыс істеуге және тұрмыстық әртүрлі тапсырмаларды орындауға дайын.

"Шамамен 12-13 жыл бұрын бізге Қазақстан азаматтары филиппиндік қыздарды репетитор, бала күтуші немесе үй қызметшісі ретінде заңдастыруға көмектесуімізді сұрап келе бастады. Біз оларға осындай қызмет түрлерін көрсеттік. Әрине, біз алдымен құжаттар пакетін тексереміз. Виза алу үшін негіз бар ма, елде заңды түрде бола ала ма – соның бәрін қарап, содан кейін көмектесеміз. Біртіндеп сұраныстар да көбейе бастады", – деді Светлана Грамс.

Светлана Грамс көпшілік "өзіміздің күтушілерден қарағанда филиппиндік мамандардың артықшылығы қандай?" деп сұрақ қоятынын айтады.

"Көбі "Неге күтуші керек? Әжелер мен аталар бар емес пе?" дейді. Иә, бұл да өте жақсы. Бірақ шындыққа тура қарайық. Ата-аналарымыз үнемі кезекшілікте тұратын қызметкерлер емес. Олар да тыныштықты, назар мен қамқорлықты қажет ететін жандар. Біз әже мен атаның шаршамай, немерелерімен қуанышты, жеңіл уақыт өткізуін қалаймыз Ал барлық ауыр, тұрмыстағы жұмысты филиппиндік күтуші атқарсын. Себебі ол бұл істі құрметпен, сүйіспеншілікпен және бар ынтасымен істейді. Үйде филиппиндік күтушінің болуы сән-салтанат емес екенін, керісінше, отбасының денсаулығына, баланың дамуына және ата-аналарымыздың лайықты қарттығына жасалған инвестиция деп қарау керек екенін ұғынуымыз қажет", – деп түсіндірді Светлана Грамс.

Светлана Грамстың сөзінше, филиппиндік күтуші сізбен бірге үйде тұрады. Жергілікті күтушілер кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істеп, өз істеріне, балаларына, шаруаларына кетіп қалады. Осы ретте филиппиндік күтуші тәулік бойы жаныңызда екенін атап өтті.

"Ол ертеңгілік, аурухана немесе отбасылық жағдайға байланысты кезекшіліктен бас тартпайды. Күні бойы үйде болғандықтан балаңызды қарайтынына сенім арта аласыз", – деді Светлана Грамс.

Фото: Stan.kz / Filippinki.kz жіберген

"Филиппиндік бала күшушілер қалай іріктеледі?"

Филиппиндік күтушілерді іріктеу процесі агенттік арқылы бірнеше кезеңнен тұрады. Ең алдымен, клиенттермен кеңес жүргізіледі, онда олардың талаптары мен сұраныстары анықталады. Светлана Грамсың айтуынша, агенттік мамандары кандидаттарды мұқият іріктейді. Бұл процеске сұхбаттасу, ұсыныс хаттарын тексеру және басқа да маңызды қадамдар кіреді. Осылайша, отбасыларға талаптарға сай келетін күтушілердің тізімі ұсынылады, әрі таңдалған күтушімен сынақ мерзімінде жұмыс істеу мүмкіндігі беріледі.

Айта кетейік, филиппин азаматтарына жасы 23 пен 45 аралығында болуы керек деген талаптар қойылады екен. 

"Өз еліне оралудың алдын алу үшін әйелде кішкентай балалары болмағаны жөн. Кем дегенде орта білімі болуы керек. Әсіресе, медициналық, педагогикалық немесе қонақүй ісі саласындағы білімге басымдық беріледі. Балаларға қарау немесе үй шаруашылығын жүргізу саласында (соның ішінде басқа елдерде) кемінде 1-2 жыл жұмыс тәжірибесі болуға тиіс. Сонымен қатар ағылшын тілін ауызша және жазбаша жетік білуі керек", – деді Светлана Грамс.

Светлана отбасылар 900 доллар (465 957 теңге) және одан да көп төлеуге дайын екенін атап өтті. Филиппиндік бала күтушіні рәсімдеуге арналған агенттік қызметінің құны – 4 500 доллар (2 327 310 теңге) дейді маман. 

Бұл сомаға толық кешенді қызметтер кіреді:

  • Тексерілген кандидатты таңдау, сұхбат ұйымдастыру, ұсыныстарын тексеру және жұмысқа орналасқанға дейін, сондай-ақ жұмыс барысында сүйемелдеу;
  • Виза рәсімдеуге кеңес беру және көмек – қажетті құжаттарды дайындау, жұмыс беруші мен күтішуге нұсқаулық беру, көші-қон және консулдық қызметтермен қарым-қатынас орнату;
  • Қазақстанға ұшу билеті;
  • Медициналық тексеру – ВИЧ, В және С гепатиті, сифилис, флюорография;
  • Қосымша шығындар – құжаттарды аудару және нотариалды куәландыру, мемлекеттік баждар, саусақ іздерін тапсыру, ЖСН және т.б.

Қазақстандық бала күтушілер қанша теңге алады?

Осы ретте қазақстандық және филиппіндік күтушілердің қызметақысын салыстырып көрдік. Жергілікті бала күтушілер жарнама сайттарында сағатына 8 мың теңгеден бастап өз бағаларын ұсынады. Баланың жасына және басқа да факторларға байланысты бағасы күніне 10-15 мың теңгеге дейін жетуі немесе келісім бойынша айына 300-450 мың теңге болуы мүмкін. 

Мысалы, бір жарнамада 400-500 мың теңге (шамамен 774 және 967 доллар) жалақы көрсетілген. Жұмыс кестесі 09:00–19:00 аралығында, негізгі міндеттері – балаға қарау. Бос уақытында үй шаруасына көмектесу, соның ішінде ыдыс жуу, киім үтіктеу, үйді тәртіпке келтіру делінген. Жазбада  отбасы өзіне "сабырлы, балаларды жақсы көретін, еңбекқор қыз керек" екенін түртіп қойған. Сонымен қатар баласына 6 ай толғанын және аптасына 1 күн демалыс беретінін жазған. Мұнда бала күтушілердің жас айырмашылығы 25 пен 35 аралығында болуы керек. 

Тағы бір жарнамада күтушілердің айлығы 590 мың-600 мың теңгеге бағаланған. Күніне 25 мың теңге деп айтылған. Мұнда жас айырмашылығы 40-45 аралығында деп көрсетілген. Жұмыс уақыты сағат таңғы 07:00-ден басталып, кешкі 21:00-де бітеді.

"Филиппинге қарағанда мұнда балаларды ерте жастан бастап өз бетімен әрекет етуге үйретеді"

Ал филиппиндік Лин есімді әйел 10 жылдан астам уақыттан бері бала күтуші болып жұмыс істейтінін айтады. Лин осы уақытта Макао мен Гонконгта түрлі жастағы балалармен жұмыс істеген. 

"Балалармен қарым-қатынас жасауды, оларға білім беруді және қауіпсіз әрі мейірімді орта қалыптастыруды жақсы көремін. Қазақстанға жұмыс істеуге келуді мен үлкен қызығушылықпен таңдадым. Себебі маған жаңа мәдениетті тану, басқа ұлт өкілдерімен танысу және өзімді дамыту ұнайды. Қазақстандық отбасылар мен балалар алғашқы күннен-ақ мені жылы қабылдады. Олардың қонақжайлығы, мейірімділігі және отбасына деген құрметі мені таңғалдырды. Балалар да ашық, бауырмал келеді, олармен тіл табысу қиын болған жоқ", – деді Лин.

Дегенмен Лин бастапқыда тіл бойынша кедергі болғанын айтады. Линге ересектермен ағылшынша сөйлесу қиын болған. Олармен ым-ишара мен көзқарастар арқылы түсінуге тырысқан. Ал балалармен ойын арқылы, заттарды көрсете отырып, біртіндеп тіл үйреткен. Сонымен қатар оған жергілікті асқа, салт-дәстүрлерге де үйренуге уақыт қажет болыпты. Лин Қазақстанда жұмыс істеп жүргеніне 1 жылдан аса уақыт болған. Бүгінде Лин айына 800 доллар (413 424 теңге) алып отыр.

"Филиппин мен Қазақстандағы бала тәрбиелеу тәсілдері сәл ерекшеленеді. Филиппинде ата-аналар баланы ұзақ уақыт бойы қараусыз қалдырмай, 7 жасқа дейін қамқорлықпен өсіреді. Ал Қазақстанда балаларды ерте жастан бастап өз бетімен әрекет етуге, жауапкершілік алуға тәрбиелейді. Бұл да маған ұнады, өйткені балалар өздігінен киінуге, жинауға үйренеді", – деді Лин.

Лин отбасымен күн сайын байланыста болатынын және жұмысқа кіріспес бұрын немесе демалыс күндері видеоқоңырау арқылы сөйлесететінін айтты.

“Уақытты дұрыс жоспарласам, жұмысқа еш кедергі келтірмейді. Қазақстанда ұзақ уақыт жұмыс істеуге қарсы емеспін. Маған мұндағы тыныш өмір салты, адамдардың қарапайымдылығы мен достығы ұнайды. Сонымен қатар, мұнда өмір сүру арзанырақ, табиғаты да әдемі”, – деп түйіндеді Лин.

Фото: Линнің жеке архивінен

"Балалармен серуендеп жүрген кезде телефонмен сөйлескен емес"

Аygocious есімді желі қолданушысы филлиппиндік бала күтушілердің артықшылықтары мен не себепті оларды жұмысқа алғанын айтып берді.

Филиппиндік күтушілер туралы сөз болғанда, әрине, әрқайсысы әртүрлі болатынын түсіну керек. Бірақ мен өз тәжірибем арқылы олардың қандай жанашыр, ұқыпты және сенімді бола алатынын айтқым келеді. Күтушіміз бізбен бірге Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға — алғаш Алматыға, кейін Шымкентке бірге көшіп келді. Ол жұмысына өте жауапкершілікпен қарайтын, әрдайым тәртіпті, аса байсалды адам болатын. Күтушіміз ешқашан балалармен серуендеп жүрген кезде телефонмен сөйлескен емес. Бар назарын балаларға аударып, олармен бірге ойын ойнап, әрқайсысының жасына сай дамытушы тәсілдер қолданатын. Екі ұлымның да тілін, ойлау қабілетін, әлеуметтік дағдыларын дамытуға көп көмегі тиді”, – деді әйел.

Әйел бірге өткізген уақытында күтушінің отбасының толыққанды мүшесіне айналғанын атап өтті.

“Балаларымызға екінші анадай болып кетті. Ол жұмыстан кеткеніне 10 жылдан асса да, біз әлі күнге дейін тығыз байланыстамыз. Жаңа жыл, туған күн, Наурыз — қандай мереке болмасын, бір-бірімізді құттықтап тұрамыз. Бір жолы тіпті арнайы кездесу үшін Дубайда жолықтық. Құшақтасып, сағынышымызды басып, туысымызбен қайта қауышқандай болдық”, – дед Аygocious.

Айта кетейік, бұған дейін белгілі актриса Жәния Джуринская қызына Филиппиннен келген бала күтушіні жалдап, оған ай сайын 900 доллар (463 167 теңге) төлейтінін айтты. Актрисаның сөзінше, баланы күтушіні шақырту үшін агенттіктердің біріне шамамен 2 миллион теңге жұмсаған. Жәния бұл туралы Instagram парақшасында бөлісіп, желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Кейбіреулер мұндай жалақыны тым көп десе, басқалары баланың ағылшын тілін меңгеруі үшін жақсы мүмкіндік деп қолдады. Актриса бұрын өзіне ақша жұмсаудан тартынатынын, барынша үнемдеуге тырысатынын айтты. Бірақ қазір психологтармен жұмыс істей отырып, өз өмірін жеңілдетуге, көмекшілердің көмегіне жүгінуге шешім қабылдаған.

Айым Атамбаева
Жұма, 25 Сәуір, 2025 15:26
Талқылау