Айгүл Қосанова: Дәрігерлер бір жасар баламды жансақтау бөліміне алу үшін ақша алды, кейін баламның өлігін берді
Айгүл Қосанова өмірінде болған ауыр жайттың бірін өкінішпен еске алады. Дәстүрлі әнші жастарға сабақ болсын деген ниетпен өз қателігін жасамауға кеңес берді.
Бұл туралы “Менің өмірім” бағдарламасында айтылды.
Айгүл Қосанова өмірінде болған қиын сәттің бірін жылап отырып баяндап берді. Әншінің дәрігерлерге деген өкпесі қара қазандай. Алайда кешірім етіп, сабырлық сақтаған. Кейде өз ағаттығына да өкінеді. Жастарға сабақ болса екен деген ниетпен кеңесін айтты.
“Менің Әлібек деген ұлым өмірге келді. Одан үлкені Айша. Одан бері біршама уақыт өтті. Әлібек өмірге келген соң бір жас, бір айында ауыра бастады. Суық тигендей ауырды. Мен дәрігерге қараттым. Емін алдық. Бірақ уақыт өте баламның жағдайы ұнамады. Қайта дәрігерге апардым. Олар маған жолдама беріп, ауруханаға жату керек деді. Қаладағы 2-емханаға келдім. Балам екеумізді жатқызды. Жаңа жылға таяу уақыт еді. Ол кезде мерекелік көңіл күймен дәрігерлердің немқұрайлық танытатын уақыты. Шақырған дәрігерлерім келмеді. Баламның жағдайы нашарлап бара жатты. Сұлық түсіп жатты. Мен жансақтау бөліміне өзім бардым. Баламды көтеріп алып көмек сұрадым. Себебі тіршілік белгілері байқалмай қалды. Сонда жансақтау бөлімінің дәрігері оны қабылдау үшін ақша сұрады. Мен жолдасыма хабарласып, түн ішінде ақша алғыздым. Ол әкеп берді. Солай дәрігерлер баламды қабылдады. 2-3 күнде емдеп беруге уәде етті. Алайда 14 күннен кейін маған баламның өлігін берді”, – деп ауыр күндерді еске алды әнші.
Нұрлан Өнербаев: Ахметжан Есімов Алматыға әкім болып келген соң маған орныңызды босатыңыз деді
Айгүл Қосанова осыдан соң емхананың басшылығынан бастап дәрігеріне дейін сотқа беруді ойлаған. Алайда анасы оған басу айтыпты.
“Анам маған басу айтты. “Өлетін балаң өлді. Оны қайтара алмайсың. Кінәлі болса, Алла жазасын берер. Сабыр етіп, сынақ деп қабылда. Бұдан сабақ ал” деді. Солай мен анамның сөзін тыңдадым. Бірақ біраз жылдар бойы сол емхана жақпен жүрмейтін болдым. Жақында бардым. Бұрынғыдай емес, бәрі өзгеріпті. Дәрігерлер де, жүйесі де өзгеріпті”, – дейді әнші.
Әнші анасының туған күніне сый жасаймын деген ниетпен шетінеп кеткен ұлын өмірге өз қалауымен ерте әкелгенін мойындайды. Бұл менің ағаттығым деп өкінді.
“Мен анамның туған күнінде ұлымды босанғым келді. Сый жасағым келді. Солай өтінішпен дәрігерлерге екпе салғызып, анамның туған күнінде өмірге ұлымды әкелдім. Мүмкін, оным да дұрыс болмаған шығар. Алланың қалаған күні, бұйырған күні, өз уақытымен өмірге келу керек пе еді деп ойлаймын. Ағаттық өзімнен болды. Жастар менің қателігімді қайталамаса екен деймін. Мен ол кезде жас едім. Жаңылыстым”, – деп кеңес етті.
Әнші сәбиінен айырылған соң көп ұзамай өмірге Тұрлан есімді ұлы өмірге келді. Бүгінде 10-сыныпта оқып жатыр. Әнші ешбір ананы Алла баласымен сынамаса екен деген тілек білдірді.