"Айғайлап, дауыс көтерудің қажеті не?": Журналист Гүлбану Әбенова Бишімбаев сотындағы прокурор Айжан Аймағанованы қатаң сынға алды
Журналист Гүлбану Әбенова экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотындағы прокурор Айжан Аймағанованы қатаң сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандықтар Бишімбаев сотын қадағалап отыр. Көпшілік мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанованың қызметіне тәнті болып, желіде жағымды пікірлер жаза бастады. Бірі оны “әділеттілік үшін күресуші”, “халықтың батыр қызы”, “мінезді” деп сипаттады. Десе де Әбенова прокурорды сынап, оның сұрақтары орынсыз екенін, өзін ұстай алмайтынын айтып жазды.
“Қыздар, күлкімді келтірмеңдерші. Көрінгенді батыр қылу не әдет? Соғыс кезінде жанын берген Молдағұлова қайда және мына прокурор әйел қайда? Қазақтың қайсар қызын тауыпсыздар”, – деді ол Facebook-парақшасында.
Журналист прокурордың айыпталушылардың адвокаттарына деген көзқарасына шүйлікті.
”Прокурорлардың жұмысы үшін біз салық төлейміз емес пе? Процесті жүргізіп жатқандары мынау. Олар нақты іс бойынша айғақпен жүргізгендерін қалаймын. Бұл “халықтың батыр қызы” айыпталушының қорғаушыларына халық жауы ретінде қарайды. Қолына қару берсең, қырып салатындай. Куәгерлермен қылмыскер сияқты сөйлеседі. Олардың кәсіби түрде жұмыс істеп жатқандарына күмәнім бар”, — деді журналист.
Сөзінше, Аймағанова эмоцияға жиі беріледі.
“Адвокаттармен дауласып, айғайлап, дауыс көтерудің керегі не? Долы әйел сияқты. Ол мемлекеттің өкілі! Ол темірдей ұстамды және анық сұрақтар қоюы керек. "Не сұрағым келгенін ұмытып қалдым, сөзімді бөліп жіберді” дегені несі. Шатасуға болмайды”, – деді Әбенова.
Бұған дейін экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісін тергеген мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанованың атына Instagram желісінде парақша ашылған. Прокурордың аккаунтына 24 сағат жетпей 20 мыңнан аса қолданушы жазылып үлгерген, бірақ бұл прокурордың өзінің емес, жалған парақша екені мәлім болды.
Еске салайық, 4 сәуірде айыпталушы Қуандық Бишімбаев сот алдында жауап берді. Бұған дейін сотта Салтанат Нүкенованы мейрамхананың дәлізінде ұрып-соғып жатқаны түсірілген видео көрсетілген. Бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Бұдан бөлек экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов – қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған еді.