"Жүктіліктің 12 аптасында болған": Шымкенттік әйел күйеуінің 3 айлық қызы мен өзін қалай таяқтың астына алғанын айтып берді
Шымкентте елу үш жастағы ер адам ауыр дертке шалдыққан қызы мен аяғы ауыр келіншегін аяусыз сабаған. Қаланың омбудсмені Айжан Наимбекова осылай деп мәлімдеді. Кесірінен үш айлық қыз жансақтау бөліміне түсіп, анасы ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ ер адам отбасына бұған дейін де зорлық-зомбылық көрсетіп келгені белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Үшінші тамыз күні әлеуметтік желіде басында ісігі бар үш айлық қыз бен бетінде жарақаты таңылған ананың видеосы жарияланды. Онда бейнежазбаны түсіріп тұрған азаматша ана мен баланың оңбай соққы алғанын айтқан. Кесірінен келіншектің беті тілінгенін де жеткізген. Ел-жұртты дүрліктірген ақпараттың анық-қанығын білу үшін Шымкент қаласының балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Айжан Наимбековаға бардық. Омбудсмен күйеуінен жәбір көрген келіншекпен жүздесіп, баланың да жағдайын біліп қайттым дейді.
"Әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланған бойда ана мен баланың жағдайын білу үшін ауруханаға барып қайттым. Келіншек қалалық ауруханада, ал қызы балалар ауруханасында жансақтау бөлімінде жатыр екен. Күйеуінен теперіш көрген әйел болған жайды баяндап берді. Бәрі қызғаныштан басталыпты. Ер адам қала арасында автобус айдап, жолаушы тасымалдайды дейді. Жұмысына бес күнге кеткен сайын сырттарынан кілттеп шығады екен. Ал әйелдің қолында кілт болмайды. Содан келіншек жалдамалы баспана иесінен кілт сұрап, оны күйеуі біліп, үйіне келген соң ойран шығарған", – дейді Айжан Наимбекова.
Басқа адаммен кездестің деп қызғанған елу үш жастағы ер адам әуелі келіншегін ұрған екен. Бұл туралы келіншектің өзі айтып берді.
“Баланы басқа бөлемеге апарып менің шашымнан сүйреп шықты. Сол кезде көрші бөлмеде жатқан үш айлық қызым жылап кетті. Сөйтіп қызға жүгіріп барып, аузын жауып тұншықтырды да құлағына "үш баламның дауысын өшіргем, сенің де дауысыңды өшірем" деп айғайлап, боқтады. Сөйтті де қолынан ұстап алып жұлқылады. Сол кезде мен қашып кеттім. Көршілерден көмек сұрадым", – дейді келіншек.
Ішімдікке сылқия тойған әке мен онсыз да денсаулығында кінараты бар қыздың арасына араша түсуге не көршілері, не анасы кіре алмаған. Шымкент қаласының балалар омбудсмені Айжан Наимбекованың айтуынша, полиция келгенше ер адам сәбидің аяғын көгертіп, арқасына да жарақат салған. Қала берді миы да шайқалған. Анасының да миы шайқалып, көзінің асты тілінген екен
Әлемуеттік желіде тараған видеода дәрігерлер көмегіне мұқтаж бүлдіршінді Шымкент қаласындағы аурухана қабылдамағаны айтылған. Айтылған шағымға шымкенттік ақ халаттылардың жауабы дайын болып шықты. Сөздерінше, жедел-жәрдеммен жеткізілген ананың қолында сәби болмаған.
""Алғашында келіншектің қасында бала бар екенін білген жоқпыз. Сұрастыру барысында қасында алып жүрген екі азаматшаның қолында құндақталған сәби болады. Ол сәби осы азаматшанікі екен. Қазір әйел қалалық ауруханада жатыр. Бас миының жабық жарақаты. Миының шайқалуы. Сосын қосымша 12 апталық жүктілігі бар. Бала балалар клиникалық ауруханасында жатыр. Онда да қойылған диагноз бас миының жабық жарақаты. Денелеріндегі көгерулердің болуы", – дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев.
Омбудсмен сөзінше әкесі сабаған үш айлық қыздың қазіргі жағдайы орташа ауыр. Баланың басындағы ісік әкесі ұрғаннан емес су жиналғаннан екен. Ал, шымкенттік дәрігерлер екі науқас та отаны қажет етпейтінін жеткізді.
Белгілі болғандай, ер адамның жасы елу үште болса, келіншектің жасы жиырма үште. Екеудің арасында заңды неке жоқ. Бас қосқандарына көп болмаған ер мен әйелдің бірінші сәбиі диагнозбен сегіз айлық болып ерте туылған. Келіншек тағы да жүкті. омбудсмен Айжан Наимбекованың айтуынша, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы тұрғындарының Шымкентке көшіп келгендеріне көп болмаған.
Омбудсмен сөзінше, әкесі сабаған үш айлық қыздың қазіргі жағдайы орташа ауыр. Баланың басындағы ісік әкесі ұрғаннан емес су жиналғаннан екен. Ал шымкенттік дәрігерлер екі науқас та отаны қажет етпейтінін жеткізді.
Айта кетейік, отбасына ойран салған елу үш жастағы ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды.