Әйелін тірідей көміп тастаған ба? Қарағанды облысында марқұмның жақындары мәйітті 7 айдан соң әрең тапты
Қарағанды облысындағы жеті айдан бері жақындары мәйітін іздеген келіншектің туыстары қыздарының денесін тапты. «Күйеу баламыз өлтірді» деп жүргендердің күдігі күшейді. Олар енді қызымызды бір емес, бірнеше адам өлтірді және тірідей көмген деп күмәнданып отыр.
Бұқар жырау ауданына қарасты Тоғызқұдық ауылының тұрғындары полиция қызымызды өлтірдім деп мойындап келген күйеу баламызды босатып жіберді деп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Сөздің шыны керек" бағдарламасына сілтеме жасап.
Жақында ғана 4 баланың анасының мәйіті табылды. Мәйітті іздеуге полицейлермен бірге марқұмның жақындары да шыққан. Мәйітті төртке бүктеп, жарылған басын қапқа орап, денесін орап көмгенде шетіндегі байлаған жіп сыртқа шығып қалып, сол арқылы тауыпты.
Төрт баланың анасы Октябрь Балбидің туыстары былтыр көктемде оның күйеуімен араздасып, Теміртаудағы әпкесінің үйіне балаларын ертіп кетіп қалады. Бірақ 22 қыркүйек күні енесіне хабарласып, жағдай сұрасқаннан кейін үйіне қайтуды ұйғарған. Алайда күйеуіне қайтып оралған келіншекті одан кейін ешкім көрмепті. Тек іздеу жарияланғаннан соң, күйеуі "әйелімді өзім өлтірдім" деп полицияға барса, құқық қорғау қызметкерлері жауап та алмай, қамауға да алмай үйіне қайтарған. Алайда ол азамат үйіне келіп өзіне қол жұмсапты.
Марқұм Октябрь Балбидің жақындары әйелді тірідей көмген және қылмысқа жалғыз адам емес деп күмәнданды.
"Күйеу бала оны жалғыз өлтірген жоқ. Басқа адамдар болған. Оның қолынан келмейді. Мәйітті екі адам әрең көтеріп көлікке салды. Сонда оны бір адам қалай өлтірген?", - деді марқұмның әкесі Балби Кәкейұлы.
Қара жамылған отбасы марқұмның басын балтамен 8 жерден ұрғанын айтады. Әйелді жаны шығар шықпастан тірідей көмген болуы мүмкін дейді олар. Артында қалған балаларын енді кім бағады деп налыды.