"Әйелдің ісі деп айтатындар көп": Қазақстандық жігіт кірпік жалғаумен айналысып айына 20 миллион теңге тауып жүр
Алматы облысының тумасы Нариман Әлімжанов 15 жасынан сән саласында жұмыс істеп жүр. 33 жастағы жігіт алғашқыда шаштараз болып, кейін кірпік жабыстыруды кәсіпке айналдырған. Кейіпкер біздің қоғамда ер адамдар да мұндай кәсіпті меңгере алатынын және өзі ойлап шығарған ерекше техникасы туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Фото: Нариман Әлімжановтың жеке архивінен
Лэшмейкер – кірпік жабыстыруға маманданған шебер. Жұмыста ол түрлі әдістер мен материалдарды қолдана отырып, клиенттің кірпігін өте тартымды етеді.
Алыс шетелге танымал кәсіпкер Нариманның жылдық табысы бүгінде – 178 миллион теңге. Нариман қыздарды сұлуландырып қана қоймай, кірпік жабыстыру кәсібін меңгергісі келетіндерге өз тәжірибесін бөлісіп жүр. Маман дәл осы кәсіпті таңдағанын және әкесінің болашақ мансабына ықпалы болғанын айтып берді.
“Әкем – өмірдегі мансабымды таңдауыма көмек берген жандардардың бірі. Неге десеңіз, әкем бар ғұмырын "шаштаразшы" қызметіне арнап келе жатыр. Әрине, әкемнің жолымен жүріп, шаш қиюды үйрендім. Ерте жастан-ақ шығармашылыққа жақын болғандықтан сән саласына деген қызығушылығым күн сайын артпаса, кеміген емес. Талғар қаласында орта білімді аяқтап, информатика мамандығын таңдап, колледжге оқуға түстім. Кәсіптік білімді сырттай оқыдым. Сөйтіп 18 жасымда алғаш рет кірпік ұзарту (наращивание ресниц) туралы естіп, жан-жақтан сұрастырдым. Ол уақытта елімізде ешкім кірпік ұзарту саласына аса ден қоймаған еді”, – деді Нариман Алимжанов.
Ақырында ол озық мамандардың жұмысын зерттеп, бағын сән саласында сынап көруді шешкен.
“Кездейсоқ кірпік ұзартатын маманмен жолығып қалдым. Ол уақытта арнайы оқытатын мектептер, курстар деген атымен жоқ еді. Павлодарлық қыз Мәскеуде білім алып, кірпік ұзартуды үйренген. Кейін Павлодарда сән салондарында жұмыс істеген. Ол маған кірпік ұзартуға қажет құралдарды қай жерден алуға болатынын айтты. Әрі қарай екі жыл тәжірибе жинап, қолымды жаттықтырдым. 2010 жылы 2D және голливуд техникасын үйреніп, біліктілігімді арттырдым. 2017 жылға дейін жаңа әдістерді ойлап тауып, тәжірибеде көрсете бастадық”, – деді лэшмейкер.
Фото: Нариман Әлімжановтың жеке архивінен
Кірпік жабыстыруды кәсіпке айналдырған бұл жігіттің табысы көңіл қуантарлықтай. Оның ең көп тапқан айлығы – 20 млн теңге.
“2 жыл бұрын кірпік жабыстырудан алшақтадым. Сол аралықта отбасымызбен бірге Түркияда тұрдық. 2023 жылдың басында шетелден көшіп келіп, осы кәсіпті қайта қолға алдым. Кірпік жасайтын lash.device.kz аппаратын ойлап шығардым. Себебі мастер аппаратпен жұмысын тездетеді, уақытты үнемдейді. Қазақстанда осы кірпік жалғау аппаратын жасағандықтан, оны алғашқылардың бірі болып патенттеп алдым. Қазір бұл аппаратқа шетелдерден тапсырып түсіп жатыр.
Алғашқыда, бұл кәсіпті бастаған кезде Алматыда мені ешкім танымады. Ол кезде мен табыс табу туралы ойламадым. Шынымды айтсам, 500 теңгеге жұмыс істеген екенмін. Кірпік жабыстырып жүргенде тұрақты үйім де болмады, біреудің бөлмесін жалға алып тұрдым. Жалдап тұруға айына 18 000 теңге төлейтінмін. Сол кездегі тамақ пен жолға кететін шығынды алып тастағанда өзіме қалатыны 400 теңге болыпты. Әр тапқан табысыма Құдайға рахметімді айтып отырдым”, – деді Нариман Әлімжанов.
Фото: Нариман Әлімжановтың жеке архивінен
Нариман Әлімжановтың өмір жолы да оңай болмапты. Оның ата-анасы ажырасқаннан кейін, өгей шешесі қара жұмысқа салған көрінеді.
“12 жасымда апамның қолында тұрдым. Ол уақытта әкем мен анам мүмкіндігі шектеулі жандар болды. Күн-көріс жағдайлары нашар еді. Әкем әскерде борышын өтеп жүргенде ІІ топ мүгедектігін алды. Әкем мен анам екіге ажырап, екеуі бөлек отбасын құрды. Әкем кәсіпкер әйелмен отау құрып, менің тәрбиемді сол кісінің қадағалауына тапсырды. Өгей шешем мені базарда ауыр жұмысқа салып, тегін істетуге тырысты. Артық шығындалғысы келмеген шығар?.. Енді жетіліп келе жатқан бозбала үшін жүк тасу қиын еді. Қатарластарыммен доп тебісіп, олар секілді емін-еркін ойнап, күле алмадым. Сұранған кезде "жұмыс істе, ойнамайсың..." деп айқау-шу шығаратын. Әкем екеуі үш жылға ғана отасты. Ол отаудан бір інім бар. Ойлана келе, әкеммен бірге кетуді шештім. Оның жұмысына қайта барып, шаш қидым. Ал кірпік жабыстыруды шаш қиюдан аяқ-қолым ауырған соң таңдадым. Әлі күнге дейін Lashmaker болып жұмыс істейтініме өкінбеймін”, – деді лэшмейкер.
Оның айтуынша, ол 2013 жылы Талғардан Алматыға көшіп келген. Сұлулық салонына жұмысқа орналасып, онда 6 ай ғана қызмет атқарған.
“Ұжыммен тіл табысып кету қиын болды. Себебі ұжымда "арпа ішінде бір бидай" болдым. Қыздар көп болғандықтан, қызғаныш та басым еді. Қызмет барысында маған көп клиент келетін. Сонымен қатар тез әрі тиянақты жасайтындықтан, басшылық тарапына мен туралы қаңқу сөздер артымнан көп ерді. Соған қарамастан, жұмысымды жалғастыра бердім. Бірақ олардың жаман ниеті көбеймесе, азаймады. Біраз жыл өтсе де, өгей шешем соңымнан қалмады. Менің жақсы табыс тауып жатқанымды естіп, артыма түсіп алды. "Мен сені сонша жыл тәрбиеледім, адам қылдым" деп 1 млн теңге беруімді талап етті. Менің ондай ақшам жоқ екенін айттым. "Көнбесең, астындағы көлігіңді бер" деді. Сасқанымнан құзырлы органдарға арыз жаздым. Сот шешімімен ол менен ешқандай ақша да, көлік те ала алмады. Содан соң маған және менің отбасыма жақындауына шектеу қойылды. Қазіргі табысым екі балам мен әйелімнің несібесі деп ойлаймын”, – деді кәсіпкер.
Алайда қанша қиындық көрсе де, бұл жігіттің өмірге әкелген ата-анасы мен өгей шешесіне өкпесі жоқ.
Фото: Нариман Әлімжановтың жеке архивінен
2014 жылы елімізге әйгілі жұлдыздар кәсіпкердің сұлулық салонына келіп, қызметіне жүгінген. Сұраныстың көп болғаны сонша, адамдар 1 ай бұрын алдын ала жазыла бастаған.
“Сол кезде Алматыдағы ең сұранысқа ие lashmaker болдым. Алайда 2016 жылы жаңа деңгейге өткім келді. Жаңа деңгейде оқу курстарын әзірлеп, тәжірибе жинағысы келетіндерді даярладым. Қазақстаннан бөлек, Оңтүстік Корея, Мексика, Германия, Аргентина, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Испания секілді елдерде тәжірибемді бөлістім. Қазір 5 000-нан аса шәкірт білім алып, сертификат алды. Жақында Америка құрама штаттарынан ұсыныс келді. Олар менің елге барып, тәжірибемді бөліскенімді және аппаратты сатылымға шығарғанымды қалап отыр”, – деді кәсіпкер Нариман Алимжанов.
Бүгінде Нариманның алғашқы 4-5 шәкіртінің өз сұлулық салоны бар.
“2 үлкен сән салоным бар. Қол астымда 20-дан аса қызметкер жұмыс істейді. Бұған дейін 7 салон болды. Оның бесеуі "NARIMANLASH франшизасымен сатылды. Дегенмен, қоғам тарапынан көп таңданыс пен сын-пікірді естимін. Бұл “әйелдің ісі” деп те айтады. Айтқаны да дұрыс деп ойлаймын. Көбі кірпік жабыстыру саласында ер адамның жүргеніне таңдана қарайды. Менің ойымша, жұмысты адамның жынысына қарап бөлмеу керек. Айта кетейін, таяуда әнші, актер жігіт фотосьемкаға түсу үшін біздің қызметімізге жүгініп, кірпігін ұзартып беруді сұрады. Онда тұрған еш әбестік жоқ деп ойлаймын. Сондықтан кәсіп түрлерін ерлердікі немесе әйелдердікі деп бөліп-жарудың қажеті жоқ. Өйткені өз кәсібін жетік білген адамның ғана тасы өрге домалайды. Қазір сән саласынан басқа психологияға, маркетингке қызығып жүрмін. Сонымен қатар ең басты мақсатым – үлкен мектеп ашып, қыздарды әдемілікке үйреткім келеді”, – деді ол.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.
Айым Атамбаева