“Қызымның, Айкөркемнің қаны сатылмайды!”: Қаңтарда 4 жасар қызы қайтыс болған Айдос Меделхан президентке, халықаралық ұйымдарға үндеу жасады
Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде маңдайына оқ тиіп көз жұмған 4 жастағы Айкөркемнің әкесі Айдос Меделхан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, адам құқықтары бойынша халықаралық ұйымдарға үндеу жасады. Ол өз сөзінде кенже қызына оқ атып, бақилық еткендерді, ортаншы қызын жаралап, денсаулығын құртқандарды тауып, жазалауды сұрап отыр. Stan.kz тілшісі Меделхановтар отбасының жаңа пәтеріне барып, жағдайларын біліп қайтты.
“Өзгеріс жоқ. Бірқалыпты. Іс жүріп жатыр. Тергеуші ауысқалы бері іс алдыға жылжып жатыр. Оған дейін қалалық, жоғары және генералды әскери прокуратура арасында жүрді. Қазір жаңа тергеуші. Осы уақытқа дейін мүлдем ештеңе айтпады. Тек ауызша "Бәрі жақсы" деп шығарып салатын”, – деп бастады сөзін Айдос Меделхан.
Оған адвокатты "Қаңтар" қоры тауып, ұсынып берген.
"Дулат Ағаділдің тағдырын қайталағың келе ме?”
Осыған дейін отбасының Қазақстаннан біршама уақытқа көшкенін айтқан едік. Сөзінше, бәз біреулер өзін қорқытып, бала-шағасына қастандық жасалуы мүмкін екенін ескерткен. Осы орайда Айдос Меделхан отбасының қауіпсіздігі үшін алаңдаған соң мемлекеттік қорғауды талап етсе де, оның өтініші қарастырылмаған.
“Басты – себеп үкіметтің, ҰҚК комитетінің тарапынан болған қоқан-лоқы. "Бала-шағаң бар. Соларды ойламайсың ба? Тыныш өмір сүрмейсің бе? Бәрібір ештеңе дәлелдей алмайсың. Сұхбат берме. Оларда бұйрық болған. Тыныш отыр, болмаса өзіңнің де, бала-шағаңның да тағдыры қиын болады”. Дәл осындай артық сөздермен сөзге келіп қалдық. "Дулат Ағаділдің тағдырын қайталағың келе ме? Шындықты іздеймін деп, арты қиын болды" деген ескертпелер де болды”, – дейді ол.
“Бүгін бар, ертең жоқпын”
Қазір денсаулығына байланысты Айдос Меделханның өзі жұмыс істей алмайтынын айтады.
“Менің өзім де бүгін бар, ертең жоқ адаммын. Денсаулығым да мәз емес. Жұмыс істеп жатқан жоқпын, психологиялық жағдайым да тұрақсыз. Үлкен ұлым әскерде, ештеңеге қарамай алып кеткен болатын. Бауыржан психологиялық тұрғыда әскерге дайын емес болатын. Алдап, қол қоюға шақырып, аттандырып жіберді. Әскерде неше түрлі психологиялық, моральдық тұрғыдан қысым көрсетті. Адвокат екеуміз қолдан келгенін жасап, баланы Алматы қаласындағы әскери бөлімге ауыстырып алдық”, – дейді ол.
“Шындық ашылсын!”
Меделханов үкімет пен халықаралық ұйымдардан істің ашылуына қолғабыс етуін сұрап отыр. ЕУРО Одаққа, Адам құқығын қорғау одақтарына үндеу жасап, көмек беруін сұрады.
“Әскерилер атқанын нақты білеміз. Оның ішінде қазағы, ОДКБ әскері бар. Бір емес, бірнеше адам атты. Себебі балам өз көзімен бір-біріне жақын үш қарудан шыққан оқтың ұшқынын, шоқтарын көрген. Кемінде үш адам атқан. Жиырмадан астам оқ бар. Бір қызымның денесіне жеті оқ тиген”, – дейді ол.
Қазір күдіктілер жоқ, бірақ әскерилер екенін білеміз. Нақты кім екенін білмейміз. Қазақстан Республикасының президенті Қасым Жомарт Тоқаевтан сұрайтыным – шындық ашылсын, бұл іске қатысы бар әрбір адам жауапқа тартылсын”, – деді ол.
- "Вова ағайды шақырамыз": Басы дауға қалған Любовь Панова қазір немен айналысып жүргенін айтты
- "Үшке дейін санаймыз, қашып үлгермесең, атып тастаймыз деді": Қаңтар кезінде қатты азап көрген талдықорғандық жетім жігіт жәрдемге зәру
Сөзінше, қазақстандық құзіретті органдардың бұл істі зерттеуге шамасы келмейді.
“Нақты кім атты, кім бұйрық берді, толықтай барлығы жазасын алуы керек. Қандай қызметте отырғанына қарамастан, заң жүзінде жауапқа тартылуы қажет. Басқасы маңызды емес. Қазір ең бірінші кезекте бұл іске қатысы бар адамдарды табу қажет. 7 қаңтар күні, шамамен сағат кешкі 19-00-19-30-да менің отбасым, балаларым зардап шекті. Бір отбасыдан төрт бала. Үшеуіне оқ тиген. 8 жасар бала осының барлығын көзбен көрді. Психологиялық тұрғыдан ауыр соққы. Тіпті ересек адамдардың өзі мынадай ауыртпалыққа шыдай қоймас. Аудан, қала әкімі баламның жағдайын сұраған емес.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев мырзаға бірнеше рет барып, жазбаша жазып, бір рет болсын қабылдауына кіре алмадым. Не істеуім керек? Алматы қаласының әкімінің қабылдауына кіру үшін өз өзімді әкімдіктің алдында бензин құйып өртеуім керек пе?” – дейді ол.
“Бұл үйдің машақаты басында-ақ басталған. Кепілде тұрған үй болған соң, бірден тіркей алмадық. Бұл мәселемен бірнеше рет әкімшілікке бардым. Толық жауапты ешкім бермеді”,
“Қызымның, Айкөркемнің қаны сатылмайды”
“Менің көзімнің жеткені – үкімет жақта шындық жоқ. Адам өлтіріп, ақшаға сатып аламыз деп ойлайды. Ол кісілер қателеседі. Кішкентай баланың қаны сатылмайды. Менің қызымның, Айкөркемнің қаны сатылмайды.
Төрт жасар кішкентай Айкөркемнің ешқандай жазығы жоқ. Бірақ өкіметте отырған кісілер жас өмірін қиып тастады. Менің мүлігімді сындырып қойып, орнына ақша төлеп берген сияқты көзқараста қарайды. Барлығын сатып алып, қорқытуға болады деп есептейді. Қазақстанның практикасында бұл бар”, – дейді Айдос Меделхан.
Айдос Меделхан кеудемде жаным барда соңына дейін күресетінін айтты. Тек бала-шағамның қауіпсіздігіне бола алаңдаймын. Қиындық көрмесе екен деймін деді ол сөзінде.
“Менің 18 жасар балам болса бәлкім кешіретін ба едік. Жолдасым да кешірер ма еді... Төрт жасар мен он бес жасар қыздың не кінәсі бар? Сегіз жастағы Бекисламның не кінәсі бар? Жай ғана дүкенге шығып, қайтып келе жатқан балалар. Қорғаусыз кетіп бара жатқан бала-шағаны атуға рұқсатты кім берді екен? Қолына қару алып атқан адам қалайша төрт жасар қызды көрмеді? Бір ғана оқ төрт жасар қыздың маңдайын тесіп жіберді. 8 қаңтар күні дәл соң маңайда өте көп кісі қаза болған. Жаяу, көлікпен өткен адамдарды тегіс ата берген. Статистика бойынша 19 әскери адам, ал қарапайым тұрғындардан 200-ден астам адам қаза тапқан”, – дейді ол.
“Ортаншы қызыма шетелде ота жасату керек”
Халықаралық ұйымдарға жүгіну үшін отбасыға соттың шешімі, тараптардың жауаптары қағаз жүзінде керек. Алайда ешқандай құжаттармен адвокат та, Меделханның өзі де таныса алмаған.
“Тек жарияламау туралы қолхат жазуымыз қажет екен. Бірақ заң бойынша мұндай нәрсе жазылмаған”, – дейді ол.
Қазіргі уақытта отбасының мақсаты ортаншы қызы Жанельді аяққа тұрғызу. Бойындағы сегіз жарықшақты алу үшін шетелге шығып ота жасауы керек.
“Қызымның жағдайы мәз емес. Шетелде ота жасату үшін қаражат керек”, – дейді ол.
Бірінші мақсатым – Жанельді толық аяққа тұрғызу. Менде қазір 2 млн, 900 мың теңге жиналған ақша бар. Қызымның отасына орта шамада 10 млн теңге керек екен. 7 млн теңге жетпей тұр. Дәл осы іске көмек керек. Маған қазіргі таңда көмек көрсетіп отырған қарапайым халық. Ал үкімет соқыр әрі керең”, – дейді Меделхан.
Мелдехан Айдосқа қызының еміне материалдық көмек берем деушілерге
АО Kaspi Bank CASPKZKA
KZ09722C000016889635
KASPI GOLD 87078383798