Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аязда аяқ-қол тоңып қалса қалай дұрыс жылыту керек – Маман кеңес берді

Суықтан тоңып қалған аяқ-қолды ыстық суға салуға болмайды, себебі күйіп қалуыңыз мүмкін. Хирург Александр Умнов аяқ-қолды дұрыс жылытудың жолдарын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі News.ru басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Дәрігердің айтуынша, аяқ-қолға аэробты жаттығулар жасап, крем немесе май жағып, массаж жасаған жөн. 

“Суықтың әсерінен адам ағзасында қорғаныс реакциясы пайда болады: қан ағымы дененің шеткі бөліктерінен (қол, аяқ, бет, құлақ, ерін) өмірлік маңызы бар ағзаларға (жүрек пен ми) бағытталады. Қан айналымы бәсеңдейтіндіктен, аяқ-қолдағы дене температурасы да төмендейді. Сәйкесінше қол-аяқ жансызданып қалады. Үйге келгенде мұздап қалған аяқ-қолыңызды ыстық суға салмаңыз, себебі күйіп қалуыңыз ғажап емес”, – дейді Александр Умнов.

Сондай-ақ ол темекі шегуге және ішімдік ішуге болмайтынын ескертті. Өйткені олар қан тамырларының тарылуына әкеліп соғады. 

“Кофенің орнына көк шай ішкен пайдалы. Тым болмаса, шыныдағы қайнаған суды қолыңызға ұстап тұрып, жылынсаңыз қан тамырларының кеңеюіне септігін тигізеді. Суықтан келгенде қол-аяғыңызды уқалап жылытқаныңыз дұрыс. Жеңіл массаждан кейін ванна немесе душ қабылдап алсаңыз да артық етпейді. Бірақ су температурасы 40 градустан аспау керек”, – деп ескертті дәрігер.

Талқылау