Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Авиакассаға 800 мың теңге қарыз болдым": Айнұр Тұрсынбаева басынан өткен қиын сәтін есіне алды

Белгілі ақын, психолог, коуч Айнұр Тұрсынбаева өміріндегі қиын кезең туралы “Теңдессіз дұға” подкастында айтып берді. 

Фото: Подкастан скриншот

Өнер иесі айтыстан шеттетілгенін растап, сахнаға шыға алмай қалғанын айтты. 

“2016 жылы өмірімде ауыр кезең басталды. 14 жасымнан бері айтысып жүріп, бір-ақ сәтте қатыспай қалдым. Айтыскерге айтысқа қатыса алмаудан өзге қандай ауыр азап бар?! Ағайын-туыс, жолдасым, достарыммен мәселе шиеленісіп кетті. Бір күні айтыс болады дегенді естіп, ұйымдастырушыларға хабарлассам, “сізді қатыстыруға рұқсат жоқ” деді. Айтысты жақсы көргендіктен, “гонорар керек жоқ тегін айтысам” деп те айтып көрдім. Құрбыларым той жасап жатыр. “Қашан барайық десем, “анам сізді шақырма” деп айтып еді деген сыңайда хат жазып жіберетін. Қоғамнан оқшауланып қалғанымды сездім. Адамдарға қарыз болдым. Бір күні авиакассада істейтін таныс жігіт хабарласып тұр. “Әпке, сіздің қарызыңыз 800 мың теңге болып тұр” деп. Шошып кеттім. Қала арасында жүргенде ұшаққа мінемін. Ол жігіт менің жақсы танысым болғасын, бір-екі рет қарызға ұша беріңіз, кейін төлерсіз” деген еді. Менде ол қарызды қайтаратын ақша жоқ. Таныстарымнан қарыз алып, қарыз жаптым. Содан кейін ұшақтың жолын жауып, пойызбен жүруді ойладым. Өмірімдегі тығырыққа тірелген сәт сол болған шығар?!”, – деді айтыскер ақын. “



Сонымен қатар айтыс өкілі қазіргі таңда қоғам наразылығын тудырып жүрген “инфосыған” ұғымына қатысты пікір білдірді. 

“Бір күні оқырманым “Инфосығандарға арналған ескерткіш” деп фото жіберіпті. “Қуаныш Шонбай, Балқия Балтабай, Айнұр Тұрсынбаева, Мәрзия Бекайдар” деп аттарымызбен жазып қойыпты. Қатты ашуландым. Ел алдына шығып, атақты болып жүрген өзімді кемсіткен адам сияқты сезіндім. Соны Мәрзияға жіберсем, жеке парақшасына “Бізге арналған ескерткіш” деп салып қойыпты. Содан кейін ойланып, “мен неге ашуландым, ол неге күлді” деген сұрақ қойдым. Қазір ешкімнің қаралаған сөзіне мән бермейтін болдым. Маған жаман сөз айтып жатса да, ол адамға жақсылық тілеп тұрамын”, – деді коуч-психолог. 

Талқылау