Ауылдан шыққан түлек ақылы курстар мен репетиторсыз үздік университетке түсті

Бақдәулет Темірхан Қызылорда облысының шетіндегі шағын Қазалы ауылында өсіп, қарапайым ауыл мектебін тәмамдаған. Олимпиадаға дайындайтын жаттықтырушылары, шетелдік білім беру бағдарламалары немесе қымбат репетиторлары болмаса да, ол IELTS пен SAT емтихандарына өз бетінше дайындалып, IELTS-тен 8.0, SAT-тан 1560 балл жинады. Кейін Назарбаев университетінің Electrical and Computer Engineering бағдарламасына оқуға түсті. Сонымен қатар оған әлемнің бірнеше жетекші университетінен, соның ішінде Шанхайдағы SJTU, Гонконгтағы CUHK, CityU және HKBU университеттерінен ұсыныстар түсті.
Бүгінде Бақдәулет чип архитектурасын, ақылды энергетикалық жүйелерді зерттеп, болашақта өзінің технологиялық өнімдерін жасауды жоспарлап отыр. Алайда оның оқиғасы академиялық жетістіктерімен ғана шектелмейді. Бұл – елордадағы лицейлер мен мамандандырылған мектептерден жырақта өскен жас адамның университет мүмкіндіктерінің арқасында білім алу бағытын түбегейлі өзгерте алатынының жарқын мысалы.
Бақдәулетпен оның неліктен Назарбаев университетін таңдағаны, ақылы курстарсыз қалай дайындалғаны және бүгінде ауыл мектебінде білім алған қарапайым оқушының әлемдік деңгейдегі білім алуға шынымен мүмкіндігі бар ма екені туралы әңгімелестік.

"Туған жерің сенің мүмкіндігіңнің шегін анықтамайтынын дәлелдегім келді"
– Өзің туралы аздап айтып берші. Қай жерде туып-өстің және неге дәл NU-ды таңдадың?
– Менің атым Бақдәулет Темірхан. Қызылорданың шетіндегі шағын Қазалы ауылында туып-өстім. Ең қарапайым ауыл мектебінде білім алдым. Олимпиадаға дайындайтын жаттықтырушылар да, шетелдік білім беру бағдарламалары да, таңдаулы репетиторлар да болған жоқ.
Мен Electrical and Computer Engineering бағытын таңдадым. Сонымен қатар SJTU, CUHK, CityU және HKBU сияқты бірнеше мықты шетелдік университеттен ұсыныс алдым. Бірақ соңында NU-ды таңдадым. Бұған екі себеп болды.
Біріншісі – жеке себеп. Өйткені, туған жер адамның мүмкіндігін шектемейтінін, қай жерде дүниеге келгенің сенің қаншалықты биікке жете алатыныңды анықтамайтынын, ең әуелі, өзіме дәлелдегім келді. Ауылдан шыққан адам бала кезінен елордадағы жекеменшік лицейде оқып, әлдеқайда көп мүмкіндікке ие болған адамнан міндетті түрде кем түспейді деп ойлаймын.
Екіншісі – болашаққа қойған мақсатым. Қазақстанның энергетика саласында жұмыс істеп, осы саланың дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Осылай өзгерістерді сырттай бақылап қана отырғым келмейді. Маған нақты өмірде қолданылатын, елге пайдасы тиетін технологиялар жасау қызықты.
"Басқалардың технологиясын жай ғана пайдаланумен шектелгім келмейді"
– Университетті тәмамдағаннан кейін немен айналысқың келеді?
– Менің мақсатым қарапайым. Өзгенің технологиясын дайын күйінде пайдаланып немесе соны бейімдеумен ғана шектелмей, әлемдік деңгейдегі құрылғылар мен жүйелер жасағым келеді.
Қазір чип архитектурасын (IC design) және энергетика саласындағы интеллектуалды жүйелерді тереңірек зерттеп жүрмін. Ал болашақта өнеркәсіптік IoT және энергетикалық желілерді бақылау мен басқару саласында өз технологиялық өнімдерімді жасағым келеді.
Мұндай озық технологиялық жобалар АҚШ-та, Еуропада немесе Азияда ғана емес, Қазақстанда да жасалса екен деймін. Ең бастысы, сол жобалар кейін осы жерден әлемдік нарыққа жол тартса деген арманым бар.
"Әкем маған техниканы қолмен ұстап, түсініп үйретті"
– Инженерияға деген қызығушылығың қалай пайда болды?
– Әкем электр маманы. Бала кезімнен үнемі қасында жүрдім. Көліктің сымдарын жөндеуге көмектесетінмін, электр қалқандарын қарап, электр сымдарымен жұмыс істеп, дәнекерлегішпен түрлі нәрселер жасап көретінмін.
Сол кезден бастап мектепте теория жүзінде оқитын физиканың өмірде қалай жұмыс істейтінін көріп өстім. Яғни қағаздағы формулалардың артында нақты жұмыс істеп тұрған дүние бар екенін түсіндім.
Әкем ешқашан маған "беделді мамандық таңда" деп айтқан емес. Ол тек техниканың қызықты екенін көрсетті. Заттарды жай ғана пайдалана бермей, олардың қалай жұмыс істейтінін түсінуге және өз қолыңмен бір нәрсе жасап көруге үйретті.
Қазір де сол кезде әкемнен үйренгенімді жалғастырып келемін. Бұрын сымдармен және қарапайым электроникамен айналыссам, қазір микроэлектроника мен жүйелік инженерияны зерттеп жүрмін.
"Егер сенде интернет болса, орасан зор білімге қол жеткізуге мүмкіндік бар"
– Сен шағын ауылда өстің. Ауыл мектебінде оқып жүріп, NU-ға түсуге дайындалу қаншалықты қиын болды?
– Әрине, ресурстар жағынан айырмашылық бар. Бірақ бүгінде қымбат курстарға қолжетімділіктің болмауы автоматты түрде мүмкіндіктің жоқ екенін білдіреді деп ойламаймын.
Егер сенде интернет, YouTube және ең болмаса ескі телефоның болса, қазірдің өзінде орасан зор білім көлеміне қол жеткізе аласың. Мәселе сол мүмкіндікті қаншалықты пайдалануға дайын екеніңде болып тұр. Оның үстіне, ауыл жастарының өзіндік артықшылығы бар. Бала кезіңнен ешкім келіп, сенің орныңа мәселені шешіп бермейтінін түсінесің. Мінсіз жағдайың болмауы мүмкін, бірақ шешімді өз бетіңше іздеуге үйренесің.
Ауыл адамды шыңдайды. Егер сен кедергілерді өз күшіңмен еңсеруге үйренсең, күрделі емтихан немесе академиялық дедлайн да соншалықты қорқынышты әрі қолжетімсіз болып көрінбейді.
"Дайындық курстарына бір теңге де жұмсамадым"
– IELTS пен SAT-қа қалай дайындалдың?
– Өз бетімше дайындалдым. Ақылы дайындық курстарына бір теңге де жұмсамадым. IELTS үшін YouTube-тағы тегін материалдарды, ашық ресурстарды және ағылшын тіліндегі контентті пайдаландым. Өзімді барынша тілдік ортаға енгізуге тырыстым: техникалық видеолар мен дәрістер көрдім, ағылшын тілінде мақалалар оқыдым. Нәтижесінде IELTS-тен 8.0 балл алдым. SAT қиындау болды. Емтиханды үш рет тапсырдым.
Алғашқы талпыныстарым қай тақырыптардан қиналатынымды, білімімде қандай олқылықтар бар екенін көрсетті. Содан кейін қателерімді өте мұқият жазып, арнайы журнал жүргізе бастадым. Егер есепті қате шығарсам, дұрыс жауабын қарап қана қоймай, не себепті қателескенімді және нақты нені түсінбегенімді талдайтынмын. Қатенің себебін толық түсініп алмайынша, келесі тақырыпқа көшпейтінмін. Үшінші рет тапсырғанда 1560 балл жинадым.
"NU-да алғаш рет айналамдағы адамдардың бәрі жаңа нәрсе жасауға ұмтылатын ортаға тап болдым"
– NU-дағы алғашқы аптаң қалай өтті?
– Өте қарқынды өтті. Мұнда оқу қарқыны өте жоғары. Мұнда маған ең ұнағаны түнде схемалармен немесе кодпен жұмыс істеп отырсаң да, оны ешкімге түсіндіріп отырудың қажеті жоқ. Айналаңда үнемі жаңа нәрсе жасап, дамуға және алға ұмтылуға тырысатын жастар бар. Сонымен бірге салауатты бәсекелестік, мықты академиялық орта және зертханалар бар. Сенен көбірек білетін адамдарды үнемі көріп жүресің. Бұдан бөлек, қысым жасамайды, керісінше, өзіңді одан әрі дамытуға ынталандырады. Алғашқы аптада-ақ өзімнің дұрыс таңдау жасағаныма көз жеткіздім. Ендігі басты мақсатым – осындағы барлық мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану.

"Ауылдан шыққаның арманыңнан алыстау керек деген сөз емес"
– Қазір ауылда тұрып, NU-ға түскісі келетін, бірақ мүмкіндігі аз деп ойлайтын мектеп оқушысына не айтар едің?
– Бір нәрсенің қолыңнан келмейтінін алдын ала өзіңе айтып, шектеу қойма. Иә, біреудің мүмкіндігі сенікінен көбірек болуы мүмкін. Репетиторы бар, олимпиадаға дайындалады, түрлі білім беру бағдарламаларына қатысады. Бірақ бұл сенің де мүмкіндігің жоқ деген сөз емес. Қолыңда барыңнан баста. Тегін ресурстарды пайдалан, ақпарат ізде, өз бетіңше оқы. Қателессең, қайтадан байқап көр. Ең бастысы, ауылда өскеніңді кемшілік деп қабылдама.
Мен үшін ауылда өскенім мінезімнің қалыптасуына әсер етті. Өткенімді ешқашан өзіме кедергі деп санаған емеспін. Керісінше, бір нәрсені шын қаласаң, оған жетудің жолын өзің іздеп, өзің салуың керек екенін түсіндім. Сондықтан бәрі туған жеріңе байланысты емес. Ең маңыздысы, қолыңдағы мүмкіндікті қалай пайдаланып, одан не шығара алатының болып тұр.
"Қырғызстан өзі алға шығу үшін осылай жасады": Сарапшылар көшпенділер ойыны нәтижесіне қатысты пікір білдірді