"Онлайн концерт берген кездеріміз болды": Атыраулық белсенді ауылдың өмірі жайлы айтып берді
Бүгінде 3000-нан астам тұрғыны бар Атырау облысы Өрлік ауылының өмірі қыз-қыз қайнап отыр. Жақында ғана “250+” мемлекеттік бағдарламасының аясында интернетке қосылған өңірдің егде тұрғындары да, жастары да бүгінде елдімекеннің дамуына ат салысуда. Жастардың арасында тіпті, блогерлікке бет бұрып, қайырымдылықпен айналысып, көпке үлгі болып жүргендері де бар. Солардың бірі ауылдағы орта мектепте білім беретін ұлағатты ұстаз, мәдениет үйінің белді әншісі – 27 жастағы Руслан Юдин. Stan.kz тілшісі белсендімен әңгімелесіп, ауылдың тіршілігі жайлы сұраған еді.
Өрлік ауылын өзге өңірлерге үлгі ретінде көрсетуге негіз бар. Өйткені ауыл тыныш, қылмыс болмайды, көшеде қоқыс шашылып жатпайды. Үлкендері жастарға ақыл-кеңестерін айтып жүрсе, жастары белсенді болып, ауыл өмірін қызығырақ етіп жүр, дейді жас ұстаз. Кәсіби музыканттар отбасынан шыққан Руслан да ата-ана жолын қуып, музыкант болған. Ал былтыр жас ұстаз отау құрыпты.
“2020 жылы карантин кезінде көрші ауылдың қызын алып келдім. Болашақ жолдасыммен көрші ауылға барып жүргенде танысып, таныстығымыз махаббатқа ұласты. Шағын той жасап, туған-туыстармен, дос-жарандармен атап өттік. Дүбірлетіп той жасағымыз келді, бірақ карантин талаптарын сақтауды жөн санадық”, – дейді бір баланың әкесі Руслан.
Ауылдағы қарашаңырақта анасы мен әйелін және қызы төртеуміз тұрамыз деген Руслан мектепте сабақ беріп ғана қоймай, ауылдағы мәдениет үйінде жұмыс істейді. Бір қызығы Руслан өзінің анасымен әріптес – бір мектепте сабақ береді.
“Ауыл тұрғындарына жиі концерт беріп тұрамыз. Өйткені олар да сергіп, бір мезгіл демалулары керек қой. Қалада тұрса, баратын жер көп болатын еді. Ал ауылда санаулы ғана. Сол себепті мәдениет үйінде өтетін іс-шараларға ауыл тұрғындары көптеп келеді. Барымызды салып, дайындалып, жақсы өнер көрсетіп, ауыл тұрғындарының қошеметіне бөленеміз. Жылдам интернет қосылғалы бері мәдениет үйіндегі іс шара жайлы тұрғындарға әлеуметтік желі арқылы хабар беріп отырамыз. Концертіміздің толық нұсқасын жүктеген кезде де болады”, – дейді ауыл белсендісі.
Сөзінше, тіпті, пандемия кезінде де ауылдықтар өнер көрсетуді тоқтатпаған. Тек іс-шараның форматы онлайнға өзгеріпті.
“Коронавирус қатты күшейген кезде, ауылда да карантин болды. Мектептегі оқушылар онлайн оқып, Мәдениет үйіндегі іс-шараларды онлайн көрсеттік. Бақытымызға орай, ауылда интернет жақсы дамыған. Сол себепті сабақтарды онлайн өткізіп, тұрғындар үйден шықпай, онлайн концерт көрді”, – деп қосты ол.
Руслан демалыс күндері ауылдағы той-домалақтарда өнер көрсетіп, қосымша табыс табатыны жасырмады. Керек өлеңдерін интернеттен алып, өңдеп, қонақтарды билетеді. Ол бұл ісін де ақша табу үшін емес, хобби ретінде санайды.
“Ауылдағы тойлар қаладағы тойлардан кем емес. Түрлі ойындар өткізіліп, таңға дейін сауық-сайран құрады. Осындай тойлардың арасында жүріп, ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісеміз. Өзіме ұнайды. Кішкентай ауылдың үлкен өмірін осылайша әсемдеп жүрміз”, – дейді Руслан Юдин.
Руслан тек қана ауыл белсендісі ғана емес, аудандағы шараларға белсене қатысып, түрлі аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпаздары. Сол себепті аудандағы Мәдениет үйінде өтетін мерекелік кештер Русланның әсем әнінсіз өтпейді.
“Ес білгелі әнмен өстім. Кішкентай кезімнен асқар тауым әкемнің өлең айтып жатқанын естіп өстім. Содан болар мектеп табалдырығын аттай сала музыкалық аспаптарда ойнас бастадым. Бұл өнер маған қанмен келді. Ата-анамнан дарыды. Болашақта Жоғары оқу орнына түсіп, дипломы бар өнер адамы болғым келеді. Осыған дейін үй салып, машина алып, оқуға ақша жинамадым. Уақыты келген сияқты”, – дейді жас ұстаз.
Ауданға танымал, белсенді Русланның өмірінде орын алған қиыншылықтар аз емес. Атырау қаласындағы Д.Нұрпейісова атындағы колледжде білім алып жүрген Руслан анасының денсаулығына байланысты ауылға қайтуға тура келген.
“Анамның қасында қалу үшін, ауылға оралдым. Туған ауылым өзіме ыстық болғаннан соң, ауылда өмір бойына қалуды шештім. Қаладағы кафе-клубтарға диджей болып жұмыс істегенім де бар. Негізі қалаға бауыр басып қалғаным рас. Бірақ анамның қасында болу – перзенттік борышым. Басында қайта-қайта қалаға кеткім келіп, ауылда ішім пысты. Кейін ауылға сіңе бастап, демалыста той-домалақтан босасам, қалаға келіп, шаруаларымды реттеймін. Кейде анам мен әйелімді алып, қалаға келіп, кешкі ас ішеміз”, – дейді ол.
Ауыл жастары қайырымдылықпен айналысып, үлкен қарияларға көмектесіп тұрады. Өйткені ауылда үлкен құрмет секілді ізгі амалдар өшпеген. Ал жұмысқа қажетті қағаздарды интернеттен тауып, балаларға барынша қызықты етіп өткізу үшін Руслан ұялы телефонын пайдаланады. Жас белсенді кейде өзінің Youtube желісіндегі жеке арнасында бейнежазбалар жүктейді.
“Ауыл қаладан кем емес. Қалада бар нәрсенің бәрі, ауылда да бар. Қалада тек көлік пен адам көп. Ауылда жастарға арналған орындар керек. Мысалы фаст-фуд нүктелері ашылса екен деп ойлаймыз. Өйткені қарапайым донер жеу үшін, аудан орталығына барып келеміз. Ауылға келіп жатқан жас ұстаздар көп. Ауылда интернет, тоқ пен жарық, байланыс бәрі бар. Барлық жағдай жасалған”, – деп әңгімесін аяқтады жас ұстаз.
Еске салсақ, бұған дейін Өрлік ауылының тұрғындары интернеттің игілігі жайлы айтып берген болатын. Өңірге кең жолақты желіні “250+” мемлекеттік бағдарламасы аясында Kcell операторы орнатқан. Қазірдің өзінде мобильді оператор аталған жобаның шеңберінде 329 ауылға интернет тартып, алдағы жылдары тағы 139 елдімекенді жылдам желімен қамтамасыз етпек.