Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қойды WhatsApp-пен іздейміз": Атырау облысының тұрғындары жаңа интернеттің мүмкіндіктері жайлы айтты

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі жариялаған “250+” бағдарламасының аясында еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан ауыл-аймақтар кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілуде. Сондай елді мекендердің бірі – Атырау облысында орналасқан Жарсуат ауылы. Wi-Fi-мен қамтамасыз етілген ауылдықтар енді интернет арқылы сабақ оқып, кино көріп қана қоймай, басқа қалалардан тапсырыспен зат алдырып, коммуналдық қызмет ақысын үйлерінен шықпай-ақ төлеу мүмкіндігіне қол жеткізген. Stan.kz тілшісі ауыл өмірімен танысып, тұрғындармен тілдесіп қайтты. 

Жарсуат –  Жайық өзенінің Азия бөлігінде орналасқан Индер ауданындағы 370-тен астам түтіні бар шағын ауыл. Атыраудан 143 шақырым қашықтықта орналасқан өңірде бүгінде 2206 адам тұрады. Бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтерген ауыл қала маңындағы шағын ықшамауданнан кем емес. Жыңғылдар мен құмды төбешіктердің арасында орналасқан бұл ауыл туралы интернеттен көп ақпарат шыға бермейді. Десек те, бүгінгі күні тұрғындардың барлығы интернетпен қамтамасыз етілгені – Жарсуатты өзге ауылдардан өзгерек етеді. 

 

@stan.kz

Атырау облысының тұрғындары жаңа интернеттің мүмкіндіктері жайлы айтты.

♬ оригинальный звук - STAN KZ

2005 жылы ауыл үйлеріне алғаш рет интернет желісі орнатылса, соңғы жылдары тұрғындарға Wi-Fi қолжетімді болды. Сол себепті көшеде жүрген кезде ұялы телефоныңызда "Марат", "Айжан", "Сәуле" деген ауыл үлкендерінің атына жазылған Wi-Fi ұстайды. 

Ауыл басшысы Ербол Бөкеев Kcell қосып кеткен желі ауылдықтардың өмірін біршама жеңілдеткенін сөз етеді. Оның айтуынша, интернеттің арқасында тұрғындар мен әкімдіктегілердің арасындағы байланыс нығая түскен.  

“Ауылға ең алғаш интернет 2005 жылы қосылды. Бұл уақытта үйлерінде телефоны барлар ғана интернетке қостыру мүмкіндігін иеленді. 2009 жылы мобильдік интернетке көштік. Кейіннен өтінішіміз бойынша, Kcell ауылда үлкен баған орнатып, тұрғындардың барлығы дерлік интернетпен қамтамасыз етілді. Қазір интернеттің дамуы ауылға жаңа серпін берді. Азаматтар желіде белсенділік танытып, ауылдың өміріне белсене араласа бастады, Әсіресе карантин кезінде интернеттің көп көмегі тиді. Адамдар үйден шықпаса да бір-бірімен байланысты жоғалтпады. Бірқатар қызметтер цифрландырылып, мемлекеттік мекемелерге түсетін жүктеме де азайды. Енді тұрғындар мемлекеттік қызметтерге үйден шықпай-ақ қол жеткізе алады. Бұған дейін олар әкімдікке немесе басқа да орталыққа келіп жүретін еді”, – дейді Жарсуат ауылының әкімі Ербол Бөкеев.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, интернет келгелі тұрғындардың көздері ашылған. Енді олар сүйікті телехикаяларын кешке дейін күтпей, барлық сериясын интернеттен алдын ала қарап алады.

“Таңертеңнен кешке сериал қарап, сиырлар сауылмай қалатын кездер де болды ғой. Бұрын үйдегілер болып, бір теледидарға таласып отырушы едік. Қазір әркім өз телефонын пайдаланады. YouTube деген бәрімізге жақсы болды. Жаңалықтарды да, сериалдарымызды да, балалар мультфильмдерін осы жерден көреді. Көлігіміз бұзылса, ауданға апармай-ақ, интернеттен қарап, жөндеп аламыз. Басқа да күнделікті мәселелер бойынша ғаламторды жиі пайдаланамыз. Интернеттің арқасында барлығын өзіміз үйреніп, шебер болдық қой”, – деп күледі ауыл тұрғыны.

Елімізде карантин жарияланып, білім беру мекемелері қашықтан оқуға жіберілген кезде біраз қиналғандарын айтқан ауыл ұстаздары кейіннен интернет қосылып, иығымыздан жүк түскендей болды дейді. М.Өтемісов атындағы орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Меруерт Махамбетованың сөзінше, интернет тек қашықтан оқу кезінде емес, биылғы жаңа оқу жылында да жиі пайдаланылады. 

“Өткен жылы оқушылар сабақты онлайн оқыған кезде, жаңа интернеттің арқасында айтарлықтай қиындықтар туындамады. Ұстаздар қауымы 100% интернетпен қамтамасыз етілді деп айтуға болады. Оқушыларға сабақ Zoom жүйесі арқылы өткізіліп, егер балалар түсінбей қалса, қосымша WhatsApp мессенджерін пайдаланатынбыз. Әрине, кейде егер желіге ауыртпалық түссе, кішігірім ақаулар пайда болатын.  Ауылымызда интернет өте жақсы дамығаны қуантады. Кең жолақты желінің қосылуы жұмысымызды, өмірімізді жеңілдетті. Қазір де жаңа оқу жылында балалар жаңа сабақты түсінбей жатса, әдеттегідей WhatssApp арқылы хабарласып жатады. Кей кездері оларды жинап алып, ерінбей видео қоңыраумен түсіндіріп беруге тырысамын. Әсіресе, жаңа тақырыпқа дайындалу біршама жеңілдей түсті. Интернеттің көмегімен сабақты балалар үшін қызықты, есте қалатындай етіп өткізу мүмкіндігі туды. Өз басым дән ризамын” –  дейді Меруерт Махамбетова.

Қазіргі таңда бұл мектепте 384 оқушы білім алады. Мектептің 11-сынып оқушысы Нұрай Зейнелова да интернет қосылғалы сабақтар қызығырақ бола түскенін айтады. 

“Мұғалімдер сабақты интерактивті тақтамен жиі өткізеді. Интернет болмаса, ол тақталар қосылмас еді. Ал интерактивті тақталарсыз сабақ қызықсыз болады. Онлайн оқуда интернеттің пайдасын көрдік. Ұстаздарымызбен байланысымызды үзбедік. Әсіресе, біз секілді жоғарғы сынып оқушылары үшін бұл өте маңызды еді”, – дейді оқушы қыз.

Ауыл тұрғындары қала тұрғындары секілді қолма-қол ақшадан бас тартып, дүкенде аударымдар жасауды әдетке айналдырған. Интернет келіп, қолым ұзарды деген Әсия Молдағалиева бір смартфонмен бірнеше жұмысты бірден бітіріп тастайтынын айтып, ағынан жарылды. 

“Интернет ауылымызға келгелі, өміріміз түбегейлі өзгерді. Дүкенге барып, шай-сүтімді алсам да ақшасын аударып жіберемін. Қолма-қол ақша ұстаудан қалдық. Зейнетақымыз түскен кезде тоқ, су, газдың ақшасын бірден төлеп тастап, үйде отыра беремін. Бұрын аудан орталығына барып, ұзын-сонар кезекте тұратын едік. Қазір бәрі бір телефонның ішінде”, - дейді зейнеткер.

Оның айтуынша, қазір тіпті ауылдықтар қойлары жоғалса да іздеуге WhatsApp мессенджерін пайдаланатын болған. 

“WhatsАpp желісі арқылы топ ашып, әңгімелесіп отырамыз. Біреулер жоғалған қойының суретін осы топқа салып, төрт түлігін тауып жатса, енді бірі топты ауылда өтетін той-садақаға шақыру ретінде пайдаланады. Күнделікті ауылдағы жаңалықтарды да осы жерден біліп жатамыз”, – дейді Әсия Молдағалиева.

Сонымен қатар, ол ғаламтордың қызығын немерелері көріп жатқанын тілге тиек етті.

“Өткен жылы балалар үйден оқыған кезде ноутбук пен планшет сатып алдық. Үйде Wi-Fi ұстайды. Немерелерім сабақты жатып та оқыды, отырып та оқыды. Бос уақыттарында түрлі ойындар ойнайды, қызықты видеолар көреді, бірақ сабаққа көбірек назар аудартамыз. Алдымен сабағыңды оқы, сосын барып ойна. Интернетті жақсы жағынан пайдалану керек қой”, –  дейді ол. 

Зейнеткер өзінің белсенді интернет пайдаланушысы екенін айтады. 

“Түрлі ақпарат көздерінен жаңалықтарды оқимын. Одан бөлек, басқа да пайдалы дүниелер қараймын. Оқыған, көрген нәрселерімді балаларыма, немерелеріме айтып отырамын. Шыдамай сериалдарымды Youtube-тан қарап аламын. Бұрын көршілер әйелдермен телехикаяларды далада отырып талқыласақ, қазір ол WhatsApp-та сөйлесеміз. Бір-бірімізбен қызықты сілтемелермен алмасып жатамыз. Басқа жаққа байланыс әлі жете қоймады дегенді естіп, өз ауылымыз үшін марқайып қаламыз”, –дейді әжей. 

Интернет келгелі ауыл тұрғындары киім-кешек алу үшін аудан немесе 130 шақырым жерде орналасқан облыс орталығына бармайды. Бұрын киім үшін базар аралауға тура келетін деген 22 жастағы Айбек енді интернеттегі онлайн дүкен арқылы керекті заттарына тапсырыс бере салатынын айтады.

“Біздің ауылда "Nike-тың" футболкасын сатып ала аласыз ба? Жоқ, әрине. Интернет дүкеннен тапсырыс беріп, үйде күтіп отырасың. 2 апта күтуге тура келеді, бірақ ыңғайлы. Киімнен бөлек, интернет арқылы басқа заттарды, кітаптарды алдыртуға болады”, – дейді 22 жастағы Айбек.

Айта кетсек, “250+” бағдарламасының аясында Жарсуат ауылында кең жолақты интернет өткен жылдың қазан айында қосылған. 

Талқылау