Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауыл жастары блогерлікке бет бұруда: Атырау облысының тұрғындары интернеттің игілігі жайлы айтып берді

Мемлекет бастамасымен іске асырылып жатқан “250+” бағдарламасының арқасында еліміздің алыс-шалғайында орналасқан елді мекендерде кең жолақты интернет орнатылуда. Жоғары жылдамдықты желінің игілігін көрудеміз деген Атырау облысының тұрғындары бүгінде Өрлік ауылы қаладан кем түспейтінін сөз етеді. Жайықтың бойында қоныстанған ауылдықтардың өмірі интернет келгелі қалай өзгерген? Stan.kz тілшісі көріп қайтты. 

Әрбір үйде Wi-Fi орнатылған

3000-нан астам тұрғыны бар Өрлік ауылы "Атырау-Индер" тас жолының бойында орналасқан. Жайық өзенінің Еуропа бетінде орын тепкен бұл ауыл Батыс Қазақстан облысымен шеттеседі. Бұған қоса, ауыл арқылы Қазақстанға Ресейден жүк транзиті қатынайды. 

Жүк тасымалынан бөлек, бүгінде елді мекенде интернет желісі де жақсы дамыған. Ауылға интернет 2005 жылы тартылып, тұрғындар алдымен кабельдік интернетке қосылса, соңғы жылдары барлығының үйіне Wi-Fi тартылған. Енді ауыл тұрғындары үйдің кез келген бөлмесінде жатып алып, сүйікті киноларын көріп, интернеттен қалағанын табады. Тіпті ауылдықтардың сөзінше,  интернет қосылғалы бері, ауылда тәртіпсіздік азайып, тұрғындардың бір-біріне қарым-қатынастары жақсарған.

Атырау Индер ауданы әкімдігі ұсынған ақпаратқа сенсек, аудан бойынша интернет желісімен тұрғындардың 95 пайызы қамтылыпты. 



“Қазіргі таңда байланыс желісі орнатылмаған Құрылыс, Қызылжар, Ақтан елді мекендеріне интернет желісін ұялы байланыс операторлары арқылы жүзеге асыру жұмыстары жоспарлануда. Атап өтсек, Жарсуат ауылдық округіне қарасты 655 тұрғыны бар Құрылыс ауылына Kcell компаниясы арқылы ұялы байланыс телефонының базалық станциясы қондырылды. Өрлік ауылына кең жолақты интернет тартылған. Бүгінде іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыс аяқталғаннан кейін, Қызылжар, Ақтан ауылдары да интернет желісімен қамтылады деп жоспарланып отыр”, – дейді әкімдік өкілдері. 

Ауылдың интернетке қосылуына, әсіресе оқушылар дән риза. Айтуларынша, қазір олар қаланың жастарынан кем түспей, әлеуметтік желіні белсенді пайдаланып, интернеттің барлық мүмкіндіктерін ұтымды қолдануда. 

“Карантин ең алғаш жарияланғанда үйден оқып біраз қиналған едік. Бірақ өткен жылы онлайн форматы сәтті оқып шықтық. Ешқандай ұзақ жүктемелер, интернеттің ақауы болмады. Онлайн оқып, сабаққа керекті ақпараттарды интернеттен тауып аламыз. Қазір ауыл мен қаланың ортасында ешқандай айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Өйткені ауыл мен қала бірдей дамып келе жатыр. Әрине, интернет келгелі ауылымыз одан сайын дамып, өміріміз өзгерді. Ауылда интернеттің болуы – өркениеттенудің бір белгісі. Бұрын керекті кітапты іздеп кітапханаға сабылсақ, қазір интернеттен жүктеп аламыз. Барынша интернеттің тиімділігін пайдаланудамыз. Мектеп оқушылары да онлайн сабаққа әбден үйреніп қалған. Таңертеңнен кешке дейін әлеуметтік желіде отырамыз”, – дейді ауылдағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Шұғыла Аралбай. 

Ауыл тұрғындарының айтуынша, ауылда арнайы WhatsApp топ ашылып, тұрғындар бір-бірлерін жақын тани түскен. Енді олар керекті заттарын сұрап жүрмей, осы топқа жаза салады.

“Қалаға жүретін таксилер туралы, ақша түскенін, бәрін-бәрін осы чаттан оқып аламыз. Тіпті коронавирус кезінде үйден шықпаған кезде, бір-біріміз туралы жаңалықтарды осы чаттан біліп отырдық. Мұның бәрі интернеттің арқасы ғой. Жаңалықтардан коронавирустың жаңа штаммы анықталды, “дельта” штаммы пайда болды дегенді оқып алып, бір-бірімізге айтып жүреміз. Интернет болмаса коронавирустың бар екенін де білмейтін едік. Одан бөлек басқа қажетті мағлұматтарды осы ғаламтордан оқып жатамыз”, – дейді ауыл тұрғыны Исатай Мажитов.

Ауылға интернет келгелі тұрғындар арасында жеке кәсіпкерлік дамыған. Ауыл жастары Instagram желісінде онлайн дүкен ашып, пайда көріп отырған көрінеді. Тұрғындардың сөзінше, енді ұнаған киіміңді көріп, үйге тапсырыс беру мүмкіндігі туған. 

Ауылдағы дүкендер интернет келгелі онлайн кассаға көшіпті. Ауыл тұрғындары арасында ақшаны қолма-қол емес, онлайн аударып жіберетін көбейген. Енді тұрғындар ауылда ақша банкоматы қойылса деп сұрайды. Өйткені қолма-қол ақшаны алу үшін ауданға баруға тура келеді. 

Ауыл жастары блогерлікпен айналысуға көшкен

“Достарымызбен түрлі ойындар ойнап, уақыт өткіземіз. Интернет қатпайды, сол себепті ұзақ ойнауға болады. Әзірше тек екі досымызбен бірігіп ойнаймыз. Кейде блогерлерді қараймыз, басқаларынан қалмай біз де TikTok түсіреміз”, – дейді 12 жастағы Алпамыс. 

TikTok демекші, ауылға интернет келгелі жастар түрлі шетелдік өлеңдерді тыңдап, әлеуметтік желіге құмар жасөспірімдердің саны артқан.

“Мен интернет келгелі блогер болып кеттім. Көбіне құрбыларыммен TikTok түсіремін. Әлеуметтік желіде отырып, ауыл өмірін видеоға түсіремін. Біз қалаға қызықсақ, қаладағы адамдар біздің ауылға қызығады. Міне, ауылдың өмірін көрсетіп, уақытымды қызықты өткізіп жатырмын”, –  дейді мектеп оқушысы Асылай Өтемісқызы.

“Үйде жатып, концерт көреміз”

Интернет келгенге дейін ауыл үлкендері мен жастары концерт көру үшін аудандық немесе ауылдағы мәдениет үйіне баратын болған. Ал қазір олар үйден шықпай-ақ концерттерді онлайн көре алады.

“Атыраудағы театрларда болып жатқан халық аспаптары концертін немерем интернеттен тауып берді. Осылай уақытыңды көңілді өткіземіз. Әсіресе, қазір, індет өршіген заманда, біз секілді қарттар үшін бұл дүние жақсы болды”, – дейді ауылдың ақсақалы. 

Ауылдың белсендісі Руслан Юдинның айтуынша, интернеттің сапасына ауыл жастарының көңілі толады. 

“Жастар да интернетті белсенді пайдаланады. Түрлі жарыстар, викториналар өткізіп тұрамыз. Қайырымдылыққа да қаражат осы интернет арқылы жиналады ғой. Ауыл өмірін жандандыруға интернеттің көп көмегі тиді”, – дейді белсенді Руслан Юдин. 

35 жылдық еңбек өтілі бар, ардагер ұстаз Алтын Сапығұлова өңірдегі игі бастамаға оң бағасы беріп отыр. 

“Бос уақыт интернетте өтеді. Мен өзім сериалдарымды қараймын. Немерелерім де интернеттен қажетті ақпараттарын алады. Өте жақсы дамыған деп айта аламын. Мен мектепте 35 жыл жұмыс істедім. Бұрындары ауылда интернет жоқ кезде балаларға сабақты ауызша түсіндіріп, плакаттарды ақ қағазға жазып келетін едік. Интернеттің арқасында мектепке интерактивті тақта орнатылып, балалардың сабақтары қызық бола бастады. Ауылымызда осындай оң бетбұрыс болып жатқанына қуаныштымын”, – дейді зейнеткер Алтын Сапығұлова. 

Айта кетсек, “250+” бағдарламасының аясында Өрлік ауылына интернет желісі өткен жылдың мамыр айында іске қосылған. 

Талқылау