Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауылдан шыққан қарапайым жігіт Голливудқа қалай жеткенін айтты

28 жастағы Айдие Айдарбеков қарапайым қазақ ауылынан шығып, армандарының жетегінде біраз шыңды бағындырып, әлемге белгілі киноиндустрияның ошағы Голливудта тәжірибе жинаған. Ол - 2017 жылғы "Қазақстанның 100 жаңа есімі " жобасының жеңімпазы. Айтуынша, қайдан шықсаң да - бастысы өзіңе деген сенімді жоғалтпау. "Болашақ" халықаралық бағдарламасымен “New York Film Academy”-да білім алып, Лос-Анджелесте танымал жұлдыздармен бір алаңда жұмыс істеген жас жігіт өз оқиғасын баяндап, жастарға кеңестерін айтты.

— Айдие, өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Немен айналысасыз?

— Қарағанды облысында туып, Ақмола облысында Жақсы ауылында өстім. Қазір елордада тұрып жатырмын. Осыған дейін Алматы, Дубайда жобалар болды. Ыстамбұл мен Сеулдегі жобаларға да қызығушылық бар, алайда қазір пандемияға байланысты көп жобалар тоқтап тұр. Нақты бір нәрсемен айналысамын деп айта алмаймын. Жан-жақтымын, қызығушылықтарым көп, өзімді бірқатар салаларда сынап көргім келеді. Негізі бағыттар - өнер, ақпараттық технологиялар.

Қазір медиадағы, кино саласындағы жобалардан бөлек, ғылыми-академиялық іспен айналысып жүрмін. С.Сейфуллин атындағы Қазақ-агротехникалық университетінде доктарантурада "Бизнес-үдерістерді моделдеу және оңтайландыру" бағытында білім алып жатырмын, сондай-ақ, астаналық Astana IT University жаңа, бірақ болашағы зор университетте "Медиа технологиялар" саласында бірнеше пәннен сабақ беріп жүрмін. Мұнда ағылшын тілінде сабақ беремін, сондай-ақ, қазақстандық студенттерге АҚШ-та алған тәжірибе мен білімімді бөлісіп жүрмін.

  "Ауылдан Голливудқа" жолыңыз қалай басталды? Мақсаттарыңызға жету жолында қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?

— Шынымды айтсам, дәл Голливудқа бару менің мақсатым болмады, тіпті бұл туралы армандамаппын. Алайда киноиндустрия саласы қызығушылық тудырғаны рас, өзімді осы салада байқап көргім келетін. Бастапқыда бұл жай ғана қызғушылық болды. Кино жайлы мақалалар оқи бастадым, интернетте бар оқулық кітаптарды қарадым. Осылайша, білімімді арттырып, тәжірибе жинап, таныстық, достық қарым-қатынастар орнаттым. Ағылшын тілін өз бетімше оқып, фильмдер мен телехикаяларды түпнұсқада көретінмін. 

Менің жағдайымда қиындықтар болды деп айта алмаймын. Себебі мақсат болса, оған қандай тосқауыл бола тұра, бір орында отырмай, әрекет ету керек. Осылайша, мен де Голливудтан қалай шыққанымды білмей қалдым. Көңіліме ұнағанмен айналыстым, өзімді дамыттым, жаңа білім алуға, жеке тұлға ретінде қалыптасуға тырыстым.

Адам өзін-өзі дамытуға ден қойса,  Голливудтан да асып түседі, ауылдан шықтың ба, басқа жақтан ба, бастысы өзіңе сену, бір орында қалмау, әрекет ету.

 Голливуд сізге не берді? Киноиндустрияда өзіңізді таптыңыз ба?

— Үлкен тәжірибе мен білім. Голливуд - медиаиндустрияның жүрегі. Лос-Анджелесте үздік фильмдерді түсіреді, беделді шаралар өтеді. Нью-Йорк Киноөнер Академиясында (New York Film Academy) оқу, Лос-Анджелесте тұру, Голливудта бірқатар жобалармен жұмыс істеу ауылдан шыққан жігіт үшін естен кетпес тәжірибе мен әсер. Шынымды айтсам, Голливудқа келгенде өз үйіме келгендей болдым, барлығы өз орнына келіп, өзіме тиісті жерде екенімді түсіндім. Фильм мен телехикаяларға байланысты кинода көрген жерлерге барып көрдім. Интроверт болғандықтан, бастапқыда тілге байланысты көп уайымдадым.

Мәтінмен жұмыс істегенді ұнатамын, осыған дейін бірнеше толыққанды сценарий мен кітап жаздым. Сценарист боламын деп ойладым, алайда сол уақытта тіл білімім жеткіліксіз көрінді, жалпы бағыт Filmmaking мамандығын таңдадым, онда режиссерлікке басымдылық беріледі. Қазір осы бағытты таңдағаныма өкінбеймін, себебі режиссерлік ету маған текст жазғанға қарағанда әлдеқайда қаттырақ ұнады. Тұйық интроверттен сұхбат беретін ашық жігітке айналып бара жатқандаймын. Не дегенмен, Голливудтың әсері байқалып жатыр-ау.

— Техникалық біліміңіз бола тұра не себепті кино саласына бет бұрдыңыз?

— Өзім киноға үнемі қызығушылқыпен қарайтынмын. Қазір осы салада жобалар көп. Алайда қазір техникалық саладан киноға толықтай кеттім деп айта алмаймын. Өзімді жан-жақты, түрлі бағытта дамытқым келеді. Әрине, кейде әртүрлі бағытты бірдей алып жүргендіктен бәрі ақырын дамып жатады, алайда мен асығыс емеспін. Маған істеп жүрген ісім ұнайды. Тек бір бағытта жұмыс істейтін уақыт та келер. Ал қазір жаспын, күш-қуатым өзімде, барлығын істеп үлгеру керек. 


"Алматыға 10 теңгемен келгенмін": Барахолкада жүк тасыған жігіт қалай байып, кәсіпкер атанғанын айтты 


— Шетелдік компанияда жұмыс істеудің қандай артықшылықтары бар? 
— Әртүрлі әдіс-тәсілді қолданатындары, өзіндік менталитет, тапсырмаларды кім қалай орындайтыны қызық. Үйренетін нәрсе көп, өз әрекеттерің де маңызды. Шетелде жүргенде жауапкершілік артады, Қазақстан азамат ретінде өзіңді тек жақсы жағынан көрсетуің керек. Сол үшін жұмысқа барынша жауапкершілікпен қарайсың, барлығын жоғары деңгейде істейсің. 

— Әлемге танымал актерлермен бір алаңда жұмыс істедіңіз? Қандай тәжірибе жинадыңыз?

— Олардың өз ісіне, командасына қатысты кәсіби жұмыс істейтіні ұнады. Кім немен айналысып жатыр, лауазымы қандай - маңызды емес. АҚШ-тағы киноиндустрия саласында жұмыс істейтіндердің барлығында жұмысына тек өнер ретінде ғана емес, шығармашылық бағыт ретінде де толыққанды сала ретінде қарайды. Сондықтан АҚШ-тағы киноиндустрия, IT-мен қатар, ең тиімді және жоғары ақы төленетін салалардың бірі болып табылады. Бір қызығы, біздің отандық жұлдыздар мен шетелдік әріптестеріміз атақ пен танымалдылық туралы түсінігі әртүрлі.

— Облыста туып-өскен соң, ауыл жастарына қандай жағдай, мүмкіндік керек екенін жақсы түсінесіз. Оларға не жетіспейді? 

— Пандемияға дейін еліміздің әртүрлі аймақтарына барып, жастармен кездестім, қаладағылармен де, ауыл жастарымен де, мектеп оқушыларымен, студенттермен де кездестім. Әрине, өмір сүру қалпында айырмашылық бар, алайда маған ұнағаны - білімге деген құштарлық, қызығушылық пен ұмтылыс екі жақта да бар. Заманауи жастар маған өте ұнайды, олар өздеріне сенімді, ашық, олармен әңгімелесу өте жайлы, мен ешқашан ешкімді қалалық және ауылдық деп бөлмеймін - мұндай стереотиптер біздің басымызда.

Егер білім алу қолжетімді болса және осы білімді дұрыс жеткізе алатын, жастарды ынталандыратын білікті мамандар бар болған жағдайда сен қайда тұрсаң да, өз әлеуетіңді толыққанды жүзеге асыру үшін мүмкіндік болады. Менің ойымша, бұл мәселе бойынша айтып өтетін нәрсе - бұл жайлылық пен өмір сүру сапасы. Қалада бәрі автоматтандырылған, істейтін жұмыс аз, ал ауылдар мен аймақтарда аула, үй шаруасы көп. Бірақ мұның да өз артықшылығы бар. Бұл жауапкершілік, еңбекқорлыққа, белгілі бір дәрежеде адамды қажырлы болуға үйретеді. Интернет пен білім алуға  қолжетімділіктің арқасында, қазір бәсекелестік тұрғысынан ауыл мен қала жастары тең дәрежеде. Жасырақ кезімде интернет, компьютер, смартфонның жоқтығынан көп нәрсе басқаша болды. Қазір технологиялар шекараны жояды, сондықтан IT саласын  жақсы көремін.

— Жетістікке жетудегі құпияңыз қандай? Жастарға жетістікке жету жолында қандай кеңес берер едіңіз?

— Менің түсінігімде жетістік - кең ұғым. Өзім қалаған нәрсеге әлі қол жеткізе қойған жоқпын, біреуге ақыл айтатындай деңгейдемін дей алмаймын. Дегенмен өз мақсаттарыңа жету үшін мен өзіме әрдайым өз-өзіңді дамытуға уақыт бөлу қажет деген кеңес беремін. Өз мүмкіндігіңді шынайы бағалап, өзіңе деген сенімді жоғалтпау қажет. Онымен тоқтап қалмай, ары қарай даму маңызды. Егер сіз мақсат қойсаңыз, онда неге оны барынша қиындатпасқа? Сонда нәтиже шығады. Армандаған жақсы, бірақ оларды жүзеге асыру үшін әрекет ету керек. 

— Қазір ауылдарда жас мамандарды жұмысқа тартуға бағытталған кейбір жобалар бар, мысалы, "Дипломмен ауылға". Бірақ бұл жобаның пайдасын көбі көрмей жатады. Сіздің ойыңызша, ауыл-аймақты дамыту үшін қандай жобалар қажет?

— Меніңше, бұл - маңызды және қажет бағдарлама. Олар жұмыс істейді, бірақ біз қалағандай ауқымда емес. Бұл қалыпты жағдай, себебі мұндай бағдарламалардың әсерін толық сезіну үшін уақыт қажет. Мысалы, "Болашақ" бағдарламасы бойынша білім алып, еңбек қызметін өтеу үшін өңірлерге жұмыс істеуге кеткен таныстарым көп. Ауыл-аймақта жұмыс істесе, "Болашақ" жұмыспен өтеуді жылдам есептейді, ал республикалық маңызы бар ірі қалаларда жұмыс істеу мерзімі сәйкесінше ұзақтау болады.

Түлектер шетелде алған білімдерін тек ірі қалаларда ғана емес, ауыл-аймақтармен бөліседі. Олар өз тәжірибесімен өзгелермен алмасып, ынталандыра алады. Мысалы, "Болашақ" бағдарламасының түлегі, "АҚШ-та білім алып, ауыл мектебіне сабақ беруге кетті" деген сияқты жаңалықтарды оқудың өзі қандай керемет. 

Мұндай бастаманың өзі болашақта керемет әсерін тигізері анық, бұл тек уақыттың еншісінде. Біз салыстырмалы түрде жас мемлекетпіз, тіпті астанамыз да жақында ғана толыққанды қалыптасты. Қазірдің өзінде Түркістан, Семей, Ақтау, Тараз сияқты қалаларға үлкен көңіл бөлінуде. Менің ойымша, біртіндеп ауылдар мен аймақтарға да осындай өзгерістер жетеді.

Мәселен, менің бала кезімде ауылда интернет түгілі, қарапайым толыққанды су жүйесі болмағаны есімде. Қазір мұның бәрі біртіндеп жақсарып келеді. Сондықтан жақын арада өзгерістерді сезінеміз деп үміттенемін.

Жастарға қатысты ойым, олардың еш қолдаусыз өз беттерімен дамып жатқаны ұнайды. Әрине, білім беру саласына ден қою керек, тұрғын үй жағдайы мен жайлылығын жақсарту, жастарға өз бетімен дамуына арналған әртүрлі алаңдарды ұсыну мәселесіне, тіпті ойын-сауық ұйымдастыруға көп көңіл бөлінсе, осыған бағытталған бағдарламалар жасалса, артық етпейді.


Ауыл жастарында қандай мүмкіндіктер бар? Ауылдан шыққандар өздерінің артықшылықтары жайлы айтты 


— Сіз шетелде білім алдыңыз. Қалай ойлайсыз, қазақстандық білім беру саласына  қандай реформалар мен өзгерістер қажет?

— Білім беру саласында оң өзгерістер мен реформалар қазірдің өзінде болып жатқанын байқаймыз. Мен бұған дейін америкалық мектеп оқушыларымен әңгімелескен кезде, біздің оқушылар белгілі бір дәрежеде Америкадағы оқушыларға қарағанда кейбір пәндер бойынша білімдірек және ақпаратты көбірек алатынын байқадым. Қазір бізде өте мықты мектептер, лицейлер, гимназиялар бар, мысалы, егер бұған дейін ҚТЛ-дың (қазір "Білім" инновациялық лицейі) түлектері мықты болса, қазір НЗМ (Назарбаев Зияткерлік Мектебі) оқушылары деңгейі бойынша олардан кем түспейді, кейбір сәттерде тіпті басып озады. Біздің кейбір түлектеріміз мектепті бітірген соң бірден әлемнің үздік ЖОО-на шақырту алды деген жаңалықты оқығанда қуанамын. Мұндай білім беру бағдарламалары жақында қарапайым мектептерге, соның ішінде өңірлерде де енгізіле бастайды. Жастармен қарым-қатынас жасау кезінде оң өзгеріс бар екенін байқаймын және бұл қуантады. Жоғары оқу орындарына келетін болсақ, докторант және университеттің аға оқытушысы ретінде оң өзгерістер бар екенін сенімді түрде айта аламын.

Әрине, әлі оңтайландырылмаған дүниелер өте көп, әсіресе, бюрократия тұрғысынан жүйені баяулататын процестер бар, кейбір жерлерде сыбайлас жемқорлықтың бары да белгілі. Бірақ мен оптимист адам ретінде оң өзгерістер болады деп үміттенемін.

Студенттер мен оқытушылардың өздері туындаған қиындықтар жайлы батыл мәлімдейтіні, өзгерістер енгізуден қорықпайтыны проблемаларды заңнамалық деңгейде шешуді талап ететіні қуантады, бұл қоғам өзгеріп жатқанын көрсетеді.

Онлайн білім беруге көшкен соң ары қарай не күту керек екеніне қатысты нақты болжам жоқ. Бірақ жеке басым шетелдегі біліміме дейін онлайн оқып, өз бетіммен білім алған адам ретінде мұндай өзгерістер де жақсы көрсеткішке әкеледі деп есептеймін.  Мұғалімдерге көбірек еркіндік беріп, бюрократияны азайтып, оқушыларға өз бетінше таңдау жасауға мүмкіндік ұсынылса, жақсы мүмкіндіктер ашылар еді.

— Отандық киноның дамуын қалай бағалайсыз? Қандай өзгерістер мен үлес қосқыңыз келеді?

— Отандық киноны шетел нарығына шығарғым келеді. Бізде шетелдік білімсіз-ақ көп нәрсені үйреніп, сапалы контент жасайтын мамандар жеткілікті. Әрине, кей бағыттарда әлі де деңгейіміз әлсіз, дегенмен өзімізді әлемдік аренада көрсетуге дайынбыз. Мысалы, арт-хаус бағытында қазақстандық кино қазірдің өзінде мықты және шетел көрерменіне белгілі, беделді марапаттарға ие фильмдер бар, бірақ әзірше біз қалағандай дәрежеге жете қойған жоқ. Қазір корей киноиндустриясы жақсы танылып, еңбектерін көрсетіп отыр - тек дорамалар ғана емес, "Оскар" жеңіп, көп миллиондық әлемдік аудиторияның махаббатын жаулаған толық метражды фильмдер бар. Мұның артында үлкен жұмыс пен көптеген адамның еңбегі тұрғанын түсіну керек.

Бұл тұрғыда бізге бірігіп, шетелдік нарыққа өнімдер шығаруға бет бұру керек. Біздің бірегей, бай тәжірибеміз бар, экранға шығаруға сәтті, әлемдік аудиторияның қызығушылығын тудыратын және кірісі жақсы болатын тарихтан алынған шынайы оқиғалар көп.

Жалпы, жұмыс та, мүмкіндік те көп, сол үшін де маған отандық кино да, жалпы Қазақстан да ұнайды. “America is the land of opportunity” деген тіркесті (мағынасы: "Америка - бұл мүмкіндіктің мекені) естігенде құлаққа жағымды естілетін. Бірақ АҚШ-та оқып, жұмыс істеп, елге оралған соң, енді  "Kazakhstan is the New land of opportunity" - "Қазақстан жаңа мүмкіндіктер елі" деп сеніммен айта аламын.

Талқылау