Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы министрлігі картоп бағасының қымбаттауына кім кінәлі екенін айтты

Ауыл шаруашылығы министрлігі қазақстандық дүкен сөрелерінде картоп бағасының қымбаттау себебін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Ауыл шаруашылығының екі вице-министрі екінші нан бағасының қымбаттауының әртүрлі себептерін атады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың сөзінше, жаңа жылдан кейін көкөніс сақтайтын кейбір қоймалар жұмыс істемей, нарықтағы картоп көлемі азайған.

"Барлық қойма ашық болған кезде сатушылар мен алыпсатарлар нарықтағы шағын көлемді ескере отырып, көтеріп жіберген. Бұл баға белгілеу емес деп ойлаймын. Біз базарлар мен сауда желілерінде сатылатын көкөністердің бағасы мен ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қойған бағасын салыстырдық. Айырмашылық бар. Мұнда Сауда және интеграция министрлігі айналысып жатқан жосықсыз делдалдарға қатысты сұрақтар бар", – деді Тасжүреков.



Тағы бір вице-министр Ермек Кенжеханұлының сөзінше, Қазақстанда екінші нан бағасының қымбаттауына осы өнімнің белсенді экспорты "кінәлі".

"Көрші елдерден, атап айтқанда Өзбекстаннан сұраныс жоғары болғандықтан картоп бағасы қымбаттады. Экспортталатын картоптың негізгі бөлігі Өзбекстанға кетіп жатыр. Себебі ол жақта биылғы өнім төмен. Осыған байланысты оларда бұл өнім түріне сұраныс жоғары. Көрші елдерден сұраныс жоғары болғандықтан, баға көтерілді. Жағдайды тұрақтандыру үшін ведомствоаралық комиссия ЕАЭО елдерінен басқа картопты Қазақстаннан тыс жерлерге шығаруға тыйым салу туралы шешім қабылдады", – деді Ермек Кенжеханұлы.

Оның айтуынша, өткен жылы республикада 2,9 миллион тонна картоп жиналған. Ал Қазақстанның жылдық қажеттігі 2 миллион тонна. 

"Сәйкесінше, біз ішкі қажеттіліктен жоғары өндіріс көлемін қамтамасыз еттік. Сондықтан қазір тапшылық сезілмейді", – деді Кенжеханұлы. 

Айта кетейік, бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанда қазір картоптың орташа бағасы бір келі үшін 320 теңге екенін мәлімдеген еді. 

Талқылау