Қазақстанда танымал "шайн мускат" жүзімі тексерістен өткізіледі
Желіде қазақстандықтар арасында “шайн мускат” жүзімі қызу талқыға түсіп жатыр. Аталған жеміс-жидекке қатысты Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: timeout.com
Кей ақпарат көздері жүзім құрамында химиялық заттар көп екенін айтып отыр. Ал министр Айдарбек Сапаровтың айтуынша, Қазақстанға жеткізілетін кез келген өнім зертханаға тапсырылуға тиіс.
"Сондықтан біз мұндағы зертханамызды жаңа құрал-жабдықтармен нығайтпақпыз. Ветеринарияға арналған тоғыз жабдықты сатып алып жатырмыз. Осылайша бізге өнімнің сапасын тексеру оңайырақ болады", – деді министр.
Ол жүзімді өзі сынамағанын, бірақ шекарадан өткен болса, онда барлық қажет сертификаттар бар екенін айтты.
"Жоқ, оны әлі сынап көрген жоқпын. "Корей" жүзімдерін тексеріп көрейік. Шекарадан өткен болса құжаттары, анықтамалары бар деп ойлаймын. Егер жасырын жеткізілсе, басқа мәселе. Бүгін комитет төрағасына тапсырма беремін. Ол үлгісін алып, тексеріп көрсін", – деді Сапаров.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтар дубай шоколадынан соң, жаппай жапон жүзімін алуға көшкені туралы жазған едік.