Ауғанстанда тәліптер музыкалық аспаптар мен жабдықтарды өртеп жіберді
"Талибан" діни қозғалысының (Қазақстанда және бірнеше елдерде тыйым салынған террористік топ) өкілдері музыканы моральдық құлдырауға апарады деп, мыңдаған доллар тұратын музыкалық аспаптар мен жабдықтарды өртеп жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Демалыс күндері Герат провинциясында "Талибан" діни қозғалысының полициясы гитараларды, пернетақталарды, халық үрмелі аспаптарын, дыбыс күшейткіштер мен динамиктерді өртеп жіберді. Мұның көп бөлігі той өтетін орындардан тәркіленді.
Ізгілікті насихаттау және келеңсіздіктердің алдын алу министрлігінің аймақтық басшысы шейх Азиз Рахман Мухажир музыканың "жастарды теріс бағытқа насихаттап, қоғамды күйретуге әкелетінін" айтты.
Талибан 2021 жылы елде билікке оралғаннан бері көп нәрсеге, соның ішінде музыканы көпшілік алдында орындауға тыйым салды. Ауғанстан ұлттық музыка институтының негізін қалаушы Ахмад Сармаст олардың әрекетін "мәдени геноцид және музыкалық вандализм" деп атайды. BBC-ге берген сұхбатында ол ауған халқының шығармашылық еркіндігінен айырылып жатқанын баса айтты.
"Гераттағы музыкалық аспаптың жалыны Ауғанстанда тәліптер билеп-төстеп жатқан мәдени геноцидтің шағын ғана мысалы", – дейді ол.
Талибтер үшін соғыс музыкасы әдеттегі нәрсе: 1990-шы жылдардың ортасынан 2001 жылға дейін елде билікте болған кезде олар қоғамдық іс-шараларда, радио мен теледидарда кез келген музыканы орындауға тыйым салған. Содан кейін зайырлы үкімет кезінде ауған музыкасы классикалық және поп бағытында дамыды. Бірақ 2021 жылдың тамызында Талибанның оралуы көптеген музыканттарды шетелге қашуға мәжбүр етті.
НАТО күштері елден кете салысымен Ауғанстанда қалған әншілер мен музыканттар қудалана бастады. Елге танымал Ұлттық музыка институтының студенттері мен оқытушылары оқу орнына қайта оралмады.
Басты соққы әйелдер қауымына тиеді
Билікте болған соңғы екі жылда Талибан шариғат заңдарын өзінше түсіндіре отырып, басқа да қатаң тыйымдарды енгізді. Негізгі соққы елдің әйелдер қауымына түсуде.
"Талибан" қозғалысы шығарған жарлық бойынша әйелдер толықтай жабық киінуі керек. Егер үйден 72 шақырым астам қашықтыққа шықса, жанында ер адам болуы тиіс. Жасөспірім қыздар мен әйелдерге мектепке, университетке, спортзалға және саябаққа баруға тыйым салынды.
Үстіміздегі жылдың шілде айының басында Талибан үкіметінің ізгілікті насихаттау және жамандықтың алдын алу министрлігі елдегі барлық шаштараздар мен сұлулық салондарын бір ай ішінде жабу туралы бұйрық шығарды. Бұл әйелдер қауымына жасалған тағы бір соққы болды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ауғанстанда сұлулық салондары жабылып, 60 000 әйелдің жұмыссыз қалғанын жазған едік.