"Ауғанстан болып кетпейік": Ақтөбеде қыздарға арналған жекеменшік мектептің ашылуы желіде талқыға түсті (видео)
Ақтөбеде 400-ден аса қыз бала ер адамдар кіруге рұқсат етілмейтін ерекше мектепте оқиды. Бұл орамалды оқушылардың білім алуы үшін жасалған екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz
Ақтөбеде қыздарға арналған жекеменшік мектептің ашылғаны туралы видео пайда болды. Мұнда “Ауғанстан болып кетпейік” деп жазылыпты.
“Бұл – жеке мектеп. Лицензия алдық. Білім басқармасы хабардар. Ашылу салтанатын өткіздік. Облыстық білім басқармасы, қалалық білім бөлімінен қызметкерлер және осы ауданға жауапты депутат келді. Тығылып жұмыс істеп жатқан жоқпыз. 1 қыркүйекте 1 және 9-сынып оқушылары келді. Соны біреу түсіріп “Ауғанстан болдық” деп салған. Мектеп стандартқа сай оқытылады”, – деп мәлімдеді Атамекен мектебінің директоры Венера Жолдыбаева.
Қыздар мектебі 1 қыркүйекте ашылды. Бұрын қалада қыздарға арналған “Құнан” мектебі болған. Білім ошағы жабылып, орнына Атамекен ашылыпты.

Жеке мектепте 1-9-сынып арасындағы 430 бала екі ауысыммен оқиды. Мұнда баласын оқытуға әкелген ата-ана әр бала үшін айына 30 мың теңге төлеуге тиіс. Көпбалалы, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға жеңілдік бар. Мектеп директоры білім беру мекемесінде оқушылардың намаз оқымайтынын, онда намаз оқитын орынның жоқ екенін айтты.

Ақтөбе облыстық білім басқармасы жеке “Атамекен” мектебінің 1 қыркүйектен бастап жұмыс істейтінін растайды. Мектептің материалдық базасы толық жабдықталғанын жеткізді.
“Білім алушылар Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 “Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы” бұйрығының талаптарын орындап отыр. Мектептегі оқу-тәрбие процесі оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамызда бекітілген “Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы” №348 бұйрығына сәйкес жүргізіледі”, – деді Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.