Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әуежайдың қауіпсіздік қызметі жауапкершілікке тартылады": ІІМ Алматыда қызметкерді кепілге алған күдіктіге қатысты пікір білдірді

Қазақстан Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Алматы әуежайында адамдарды кепілге алған ер адамның әрекетіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Әділовтың сөзінше, сол сәтте полицейлердің жасаған әрекеті белгіленген тәртіпке сай жүргізілді. 

"Оқиға орнында көлік полициясының қызметкерлері болды. Бұл жағдайды ескерсек, өте қауіпті болды.Әуежай – адам көп болатын стратегиялық нысан. Онда күш қолданбас бұрын жағдайды мұқият бағалау қажет. Күдікті жарылыс жасайтынын айтқан. Оған көпшілік куә болды. Мұны қылмыстық қудалау органдары ықтимал лаңкестік актісі туралы хабарлама ретінде жіктейді. Сондықтан адамдар үшін үлкен қауіп болды. Жағдай дер кезінде бағаланды. Қаруды қолданумен байланысты кез келген әрекет ақпаратты тексеруді, жоспарды әзірлеуді және оны залалсыздандыру шараларын қолдануды талап етті. Осы орайда күдіктіні ұстауға көмектескен азаматтың да ерлігін айта кеткен жөн. Полиция алгоритм бойынша әрекет етті. Оларды қудалау мүмкін емес. Полиция қызметкерлері оқиға орнында болды. Қызметтік міндеттерін орындады. Қызметтік тексеру жүргізіп жатырмыз, оның нәтижесін де хабарлаймыз", – деді Әділов.



Журналист вице-министрге неліктен полиция қызметкерлері кепілге алынған адамды ауыстыруға өзін ұсынбады, деген сауал қойды.

"Жағдай бірнеше минут ішінде болды. Оқиға орнында полицейлер мен авиациялық қауіпсіздік қызметі бірлесіп жедел шаралар қабылдады. Мемлекеттік наградамен марапатталған Әбдірайым мырзаның ерлігін тағы бір мәрте атап өткім келеді", – деді Ішкі істер министрінің орынбасары.

Ішкі істер министрі орынбасарының сөзінше, бұл жағдайда әуежай қызметкерлері жазалануы мүмкін.

"Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі. Әуежайдың барлық қызметі, соның ішінде авиациялық қауіпсіздік қызметі жауапкершілікке тартылады", – деді Әділов.

Айта кетейік, бұған дейін пышақ ұстаған ер адамның Алматы әуежайының қызметкерін кепілге алғаны туралы хабарлаған едік. Желіде оқиға орнынан видео пайда болған. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адамның қыздың шашынан тартып ұстап алғанын байқауға болады.

Кейіннен қызметкерге пышақпан шабуылдаған күдіктінің кім екені анықталған. Тоқаев Алматы әуежайында күдіктіні ұстаған адамды мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырған. 

Талқылау