Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аударымдар кіріс болып саналады": Қазақстанда 21 жасқа толмағандарға несие алу жеңілдетілмек

Елімізде 21 жасқа толмаған студенттерге енді несие алу жеңілдейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Рixabay.com

21 жасқа толмағандардың картаға жарты жылда түскен төлемдері кіріс деп саланып, несиелік өтінім беру кезінде ескеріледі. Мұндай құжат “Ашық НҚА” сайтында жарияланды. 

Несие бермес бұрын банктер қарыз алушының табысына қарай төлем қабілеттілігін бағалайды. Бұрын жастардың жалақысы мен шәкірақысы оның табысы болып есептелетін. Енді соңғы 6 айдағы дебеттік картаға түскен аударымдар да кіріс болып есептеледі. 

“21 жасқа толмаған тұлғалардың кірістерін есепке алу үшін дебеттік карталарға түскен аударымдар кіріс болып саналатындықтан бірдей сомалар қайталанған жағдайда есепке алынбайды”, – делінген хабарламада.

Осы ретте, студенттің өз шоттары арасындағы аударымдары, яғни бір шотынан екінші шотына ақша жіберу, сондай-ақ банк кредиті мен микрокредитін өтеу үшін картасына ақша толтыру сияқты операциялар кіріс ретінде есептелмейді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, биыл сәуір айында Қазақстанда тұратын 18 бен 20 жас аралығындағы жастардың саны 755 мың болды. Оның ішінде 484 мың адам, яғни 64% банктер мен микроқаржы ұйымдарынан 167 миллиард теңге несие алған.

Талқылау