Атырауда полицейлер ер адамды наркологиялық орталыққа көтеріп апарған

Желіде полицейлердің ер адамды қол-аяғынан көтеріп алып бара жатқан видеосы тарады. Көпшілік мұндай әрекетті азаматтың ар-намысын қорлайтын тәсіл деп бағалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл жағдай Атырау облысында 20 шілде күні болған. Сол күні полицияға отбасылық жанжалға қатысты шағым түскен. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылардың айтуынша, екі ер адам әуелі жанжал шығарған. Кейін полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, олардың заңды талаптарына бағынбаған.
Олардың бірін медициналық куәландырудан өткізу үшін облыстық психикалық денсаулық және наркология орталығына жеткізу туралы шешім қабылданған. Алайда ер адамның өздігінен жүруге шамасы келмеген. Сол себепті полицейлер оны қол-аяғынан көтеріп алып барған.
Нәтижесінде, ер адамдардың біріне бес тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалса, көтеріп апарылған екіншісі 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында полицейлер биіктен секірмек болған ер адамды құтқарып қалғаны туралы жазған едік.
Қазақстандық әйел ұлын 380 мың теңгелік "Жаңа Ұрпақ" лагерінде ұрып тастағанын айтты
Оқыңыз