Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында өз отбасының өліміне күдікті әйел мінез-құлқына байланысты психиатриялық ауруханаға жатқызылған

Атырау облысындағы бір отбасының өлімі: Ақбаян Мұқанғалиевағаның не себепті психиатриялық ауруханаға жатқызылғаны айтылды

Фото: qamqor.gov.kz

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Атырау облысы Жангелдин ауылында Қарабалиндер отбасының қазасына қатысты іс бойынша жаңа мәліметтерді жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әділовтың айтуынша, іс бойынша екі күдікті бар. Олардың бірі қаза тапқандардың қызы Ақбаян Мұқанғалиева психиатриялық ауруханаға сараптама жүргізу үшін орналастырылған.

"Қазір тергеу жүріп жатыр, барлық қажет тергеу әрекеттері жүргізілуде. Жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Ішкі істер министрлігінің өкілдері Атырауға тұрақты түрде барып, бұл қылмыстық істі бақылауда ұстап отырмыз", — деді ол.

Әділовтың сөзінше, Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты стационарлық кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама тағайындалған.

"Ол да күдікті ретінде танылды. Қазір психиатриялық ауруханаға орналастырылды. Стационарлық, кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізіліп жатыр", — деп мәлімдеді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ ол бүгінде іс бойынша жаңа күдіктілер анықталмағанын айтты.

Сараптаманың не себепті тағайындалғаны туралы сұраққа жауап берген Әділов бұл шешім күдіктінің мінез-құлқы мен жиналған материалдар негізінде қабылданғанын жеткізді.

"Сараптама тағайындауға негіз бар. Сыртқы мінез-құлқы мен бастапқы жауаптары ескерілді. Осыған байланысты біз бұл сараптаманы тағайындау туралы шешім қабылдадық", — деп қосты ол.

Осыған дейін Атырауға жеткізілген Ақбаян Мұқанғалиева психиатриялық ауруханаға жіберілгенін жазғанбыз.

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалып кеткен еді. Отбасы 2025 жылдың күзінде жоғалған. Іздеудегі адамдар 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин, оның жұбайы 1961 жылы туған Насипа Өтешқалиева, олардың балалары 1990 жылы туған Мейрамгүл Қарабалина мен 1993 жылы туған Наурыз Мұқанғалиев. Отбасының жұмбақ жағдайда жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Артынша отбасының үйінің ауласынан ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Насип Өтешқалиеваның мәйіттері көмілген күйде табылды.

Осыдан кейін іс кісі өлтіру бабы бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасты. Күдікті ретінде 29 жастағы бұрынғы күйеу бала Сұлтан Сәрсемәлиевке халықаралық іздеу жарияланды. Ол Индонезияда ұсталып, Қазақстанға жеткізілді. Тергеу кезінде ол кінәсін мойындап, берген жауабы негізінде ауладан тағы екі адамның Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттері табылды.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 08 Сәуір, 2026 19:09