Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында бетперде киген бір топ адам полицейлерден балық толы көлікті тартып алған (фото)

Бұрын хабарланғандай, 3 сәуірде Исатай ауданы Жанбай ауылының тұсынан бір топ жергілікті тұрғын браконьерлік жолмен ауланған балыққа толы «УАЗ» автокөлігін тоқтатқан АІІБ қызметкерлерінен көлікті тартып алған.

ryibaki-zhanbaj-uaz-tolpa-(arxiv)

Куәгерлердің айтулары бойынша, бұдан кейін облыс орталығынан әскери қызметкерлер мінген жүк көлігі ауылға қарай бет алған, деп хабарлайды Ақ Жайық басылымы.

Сәуірдің 3-і күні кешкіқұрым ауыл үрей құшағында қалды. Әскерилер ауылдағы мектептің спорт залына орналастырылып, көшеде терезесі тұмшаланған автобус, газельдер пайда болды. Келесі күні таңертең ертемен әскерилер жанбайлық оқушылар сабақтарын жалғастыру үшін мектептен шығарылған. Ал, түстен кейін ауылдан шығарылған. Бірақ, ауылдағы осы жайлар жергілікті тұрғындарға жағымсыз әсер қалдырыпты.

“Адамдар үйден түнделетіп шығудан қалып, кейбір ата-аналар қорқыныштан балаларын сабаққа жібермей тастады. Тікұшақтың мектеп төбесін айналдыра ұшып жүргені де көпшіліктің ренішін тудырды. Мүмкін мұның бәрі тәртіп орнату үшін жасалып отырған болар. Бірақ, мұндай үрейлендіретін әрекетке бармауы керек қой. Бұл үлкен тұрмақ балаларға психологиялық шабуыл жасалды деп түсіну керек”, – дейді бізге көшеде кездескен ауыл тұрғындары.

354058e4ea5f5f51b

Ал, ATPress.kz мәліметіне сүйенсек, көлікті жергілікті полиция бөлімшесіне жеткізер кезде бетперде киген бір топ адам тәртіп сақшыларына қарсылық танытқан. Полиция инспекторы АІІБ-дегілерді көмекке шақыруға мәжбүр болған. Алайда олар келгенше дейін белгісіз адам саны артып, тағы ондаған адаммен толысқан.

ІІМ-нің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, полицейлердің заңды талаптарына құлақ аспаған белгісіз адамдар көлікті тартып алып, жасырынып үлгерген. Қазіргі уақытта көлік жүргізушісінің жеке тұлғасы анықталып, жедел іздестіру шаралары ұйымдастырылып жатыр.

355558e4ea406f2bb

Халықпен түсінісу бойынша Жанбайға облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Шпанов және тағы басқа лауазымды тұлғалар келді.

Бұл жұмыс тобы бұдан бір апта бұрын осы ауылда балық аулау заңдылықтарын түсіндіру үшін жергілікті тұрғындармен кездесіп, тағы да сондағы ер адамдардың браконьерлікпен айналысуын доғаруға шақыру үшін келіп отырған болуы керек.

Біз Жанбайға келген атыраулық лауазымды тұлғалардың тұрғындармен кездесуіне үлгермесек те, сол жиналыстан шығып келе жатқан адамдармен сөйлестік.

Олар «жанбайлықтар бай, қара уылдырық жеп отыр» деген сөзбен мүлдем келіспейді. Себебі, байлық қуу емес, ауыл халқы сары бала, қара қазан күнелтіс қамымен балық аулап жүргенін айтады. Ауылда 200-ге жуық адам маусымдық науқанда балық аулап, күн көреді. Олар ауысым кезінде теңізге барып аулаған балықтарын «Амангелді», «Ракуша», «Абылайхан» өндірістік кооперативтеріне тапсырып, есептесіп отырады. Ал жергілілікті балықшылар үкіметтің 2013 жылғы қаулысы олар үшін қолайсыз екенін айтып отыр. Яғни, қаулыда көрсетілгендей, балық аулау маусымы кезінде қуаты 40 ат күші болатын «казанка» қайықтарының теңізге шығуына тыйым салынған.

Бізге жиналыста 20 ат күшіне тең болатын «бударка» қайығын пайдаланыңдар деп отыр. Бірақ, «бударка» өте жеңіл, бұл көлге, өзенге шығуға арналған. Теңізде бұл қайықпен жүру қиын, кез келген кезде аударылып қалуы мүмкін, ондай жағдайлар да болған. Иә, заңдылығын сақтау керек болар, бірақ, бұл жерде адам мүддесі қорғалып отыр деуге болмайды, – дейді жеке кәсіпкер Дидарбек Сахарбаев.

“Енді бізге 1 млн астам теңгеге «бударканы» сатып алыңдар дейді. Олай болмаса, теңізге шығуға рұқсат етпейді. Ал жүздеген халық сонымен күнелтіп отырғанын неге естен шығарады? Жиналыста облыс әкімінің орынбасары енді бір, екі жылдан кейін теңізден балық аулауға тыйым салынатынын айтты. Оны уақыт көрсетер, әзірге жергілікті тұрғындар биліктен екі нәрсені талап етеді. Біріншісі, биылғы маусымды казанкалармен аяқтайық. Екінші, егер заңға қайшы келді десе, ескі 40-тық моторды қабылдап алып, орнына 20-лықты берсін. Олармен теңізге шығу қауіпті, бірақ, амал не”, – дейді ол.

Жағдайдың ушығуы былай, бұдан жыл жарым бұрын 40 ат күші бар моторлы қайықпен шығуға рұқсат еткесін ауыл адамдары оларды 1,5-2 млн теңге несиеге сатып алды, – деп әңгімеге араласты жергілікті тұрғын Асылхан Қалуов

“Енді мойынымызда қарыз бар, ал қуаты рұқсат етілген екінші қайықты сатып алуға жағдайымыз келмейді. Ауылда жұмыссыз жүргендер көп, бізді вахтаға жұмысқа шақырды, айлығы 100 мың теңге дейді. Бір ай еңбек етіп, бір ай демалғанда 50 мың теңге болады екен. Бұл ақшаға отбасымызды қалай асыраймыз? Кешегі полициядан қашқан адам қарызын өтейін деп шықты, себебі банк күнде телефон соғады, өсімпұл өсіп жатыр. Тағы бір сұрақ: айналымызда орналасқан «Мыңтеке», «Сазанқұрақ», «Потенциал Ойл», «Жайықмұнайгазге» жұмысқа неге алмайды?”, – дейді Қалуов.

Жанбай ауылы 1957 жылы құрылған. Бүгінде мұнда 3 300 халық 575 үйде тұрып жатыр. Еңбекке жарамдысы 1 497 болса, соның 118і жұмыссыз ретінде ресми тіркелген. Тіркелмей жүрген адамдар да бар. Ауылдың кейбір адамдары мұнай кәсіпшілігінде еңбек етеді. Халықтың басым көпшілігі балықпен және малмен күнелтеді.

“Қазір ауыл шаруашылығы өндірістік кооператив құру бағытында түсінік жұмыстары жүруде. Астрахан-Атырау тас жолы күрделі жөндеуден өткеннен кейін кәсіпкерлік артады деп үміттеніп отырмыз. Егіншілікті дамытқымыз келеді, бірақ, далалыққа барып егін егуге бел байлап отырған ешкім жоқ, себебі, жеріміз егін өсіруге тиімсіз”, – дейді Жанбай ауылдық округінің әкімі Дидар Есмұханов.

“Бүгінде Жанбайда жағдай тұрақталды. Полицияға қарсылық танытқандармен аудандық ІІБ айналысуда. Қоршаған ортаны және су ресурстарын қорғау министрлігі бекіткен ережелерге сәйкес, балықтардың уылдырық шашу кезінде 20 ат күшінен аспайтын моторлы қайықтарды пайдалану керек. Бұл ережелер орындалуы тиіс. Одан бөлек, біз тек балық кәсіпшілігімен тоқтап қалғымыз келмейді. Жанбайлықтарды жұмысқа тарту үшін бірнеше компания ұсыныс түсірді. Егер мамандығы болмаса оқытылатын болды”, – дейді аудан әкімінің орынбасары Мәди Өтеғалиев.

Жіберіп алмаңыз:

Астраханда полицейлерді өлтірді деген күдіктілер тағы шабуыл жасады

Ақтауда көп балалы отбасы аяқ киім жөндейтін вагон ішінде тұрып келген

Ақтөбеде сыныптастары аяусыз соққыға жыққан баланың миында қауіпті ісік пайда болды

Талқылау