Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Анасы әкесіне тастап, өзі жұмысқа шыққан": Қазақстандық егіз баласына зорлық көрсетті деп айыпталды

Атырау облысының тұрғыны күйеуін егіз ұлы мен қызына жыныстық сипаттағы жәбір көрсетті деп айыптады. Әйел бір жылдан астам уақыт әділдікке қол жеткізуге тырысып келеді. Іс екі рет тоқтатылып, қазір тергеу қайта жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап хабардайды.

Фото: istockphoto.com 

Мәліметтерге сенсек, әйел балалары 2,5 жасқа толғанда жұмысқа шығады. Ал күйеуі балалармен үйде қалады. Көп ұзамай анасы балалардың тұйық әрі жылауық болып кеткенін байқап, күмәндана бастайды. Кейінірек олардың біреуінен көгерген ізді көріп, көмек сұрау туралы ойлайды.

Психолог Маржан Елекұлова балалардың психикасына зақым алғанын растап, олардың денесінен жарақат белгілерін анықтады.

"Балалардың психикалық қысым көргені, зорлық-зомбылыққа ұшырағаны айқын белгілер арқылы байқалды. Олардың суреттерінен де осы жағдайдың әсерін көруге болады", – деді психолог.

Балалардың анасы істің әдейі созылып жатқанын айтып отыр. Себебі құқық қорғау органдарында күйеуінің туыстары жұмыс істейді деп күдіктенеді. Анасының айтуынша, тергеу сараптамаға байланысты тоқтатылған. Полиция оған медициналық тексеруден өту үшін өз бетінше маман табу қажет екенін айтқан. Ол дәрігерге жүгінгенімен, кейін оның тиісті лицензиясы жоқ екені анықталған. 

Алайда заңгер Нұржан Рахметовтің пікірінше, полиция процессуалдық тергеу аясында қажет медициналық тексеруді ұйымдастыруға міндетті.

"Қалай болғанда да, Қылмыстық-процестік кодекстің 271-бабы "Сараптаманы мiндеттi түрде тағайындау" денсаулыққа зиян келтіру деңгейін анықтау үшін міндетті түрде сараптама тағайындауды талап етеді. Бұл жағдайда жәбірленуші тараптың өздігінен маман іздеуі міндетті емес", – деді заңгер.

Полиция өкілдері комиссиялық сараптама тағайындалғанын мәлімдеді. Оның нәтижесіне байланысты процессуалдық шешім қабылданады.

Айта кетейік, енді бұл балалар дәрігерлік тексеруден бесінші рет өтуі керек. Қазір анасы балаларының психологиялық және физикалық жағдайына алаңдаулы. Сонымен қатар күйеуінің жауапқа тартылмайтынынан қорқады.



Еске салайық, бұған дейін балалар жазушысы күйеуімен бірге өгей балаларына қорлық көрсеткені үшін сотталғанын жаздық. Флорида штатындағы балалар жазушысы, "Нағыз дос" кітабының авторы Дженнифер Вольфталь мен оның күйеуі Джозеф асырап алынған үш балаға қорлық көрсеткені үшін тиісінше 12 және 10 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Талқылау