Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраулық азамат ашаршылық жылдары бір қап бидайға айырбасталып кеткен әжесінің туыстарын іздестіруде

Атыраулық Ерлан Күмісқалиев ашаршылық жылдары бір қап бидайға сатылып келген әжесінің туыстарын іздейді. Зұлмат жылдары аш отырған отбасы ауылдың үстінен өткен саудагерлерге ұлын аман алып қалу үшін 10 жасар қызын астыққа айырбастап жіберіпті. Өрімдей қыз өзге ауылда өсіп-өнеді. Өңірге жыршылық өнерімен танылады. Бірақ өмірден өткенше бауырымен қауышуды аңсапты. Атыраулық азаматтың мақсаты - әжесінің осы аманатын орындау. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Ата-анамның аманатын арқалап жүрмін. Бұл - үлкен жүк", - дейді Атырау тұрғыны Ерлан Күмісқалиев.

Оқиға 1916-17 жылдардан бастау алады. Сол заманда сауда-саттықпен айналысатын аталары Маңғыстау арқылы Бесқалаға бет алған жолда бір әйел адамды кездестіреді. Оның жанында 14-15 жас шамасында ұлы мен 10-11 жастағы қызы болған. Ас-сусыз отырған әйел жағдайының қиындығын айтып, ұлын аман алып қалу үшін қызын бір қап бидайға айырбастап, жолаушыларға жетектетіп жіберген.

"Сол бір балаға жақсы көзбен қарап, ересек жасқа жетіп, тұрмыс құруға келгенде біздің бір атамызға атастырып, екінші әйел етіп береді екен. Қазына анамыз да қарсылық білдірмейді, менің Қүмісқали деген атама екінші әйел болады. Менің әкемді бауырына басады", - деді Ерлан Күмісқалиев. 



Алайда әйел өмірден өткенше ауылын, бауырын аңсаумен өтіпті. Өзін астыққа айырбастаған анасын бірде-бір рет жазғырып көрмепті. Тіпті, әкесінің де, бауырының да аты-жөнін жадында ұстаған.

"Бізге жеткен мәлімет әкесінің аты - Әлібай, ағасының аты - Әділхан. Руы - Адай, Жеменей деп бізге айтып кеткен. Сол 11-12 жастағы қыз баланың есінде қалғаны болса керек. Сосын ауылы Жібек жолы бойындағы ауылдардың бірінде. Анамыздың соңғы арманы ғой. Әкеміз анамның арманын орындай алмадым деп қиналып кетті", - деді Ерлан Күмісқалиев. 

Ерлан Күмісқалиев жуықта Маңғыстау облысына да барып қайтқан. Адайдың Жеменейінен тараған ұрпақтар ұлы нағашыларын іздеуге көп көмектесіп жатқанын айтады.

"Бар мақсатымыз "бір қап бидайға айырбасталған әжеміздің бақытты өмірін бауырларына баяндап берсек", - дейді Ерлан Күмісқалиев.

Талқылау